• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Тамыз, 2021

Ұн экспортынан ұтылғалы тұрмыз ба?

585 рет
көрсетілді

Биылғы астықтың қамба­ға құйылар шағында шет­ін бір жағдай шекені қыздырғалы тұр. Мәселе ұн экс­порты туралы. Өздері­­ңіз білетіндей, біздегі ұн­­ның жартысынан көбі Ауған­стан­ға экспортталады. Ал бұл елдегі қазіргі ахуал тым күрделі. «Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?» деп өткелде тұр­ған Ауғанстанмен арадағы ал­ыс-берістің жайы не бол­мақ? Біздегі диқандар мен экспорттаушыларды алаң­­да­тып отырған да осы жайт.

Серіктестер сенімсіз

Әңгімені алдымен екі ел ара­сындағы экономикалық әріп­тес­тіктен бастайық. Осы жыл­­дың бірінші жартыжыл­дығын­да Қазақстан мен Ауған­стан арасындағы сауда айналымы 229,7 млн долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15,3 пайызға төмен. Сауда айна­лы­мының негізгі бөлігі немесе 99 пайызы – экспорттың үлесінде.

Тарқата айтсақ, алты айдың ішінде Қазақстаннан Ауған­станға 228 млн доллардың тауары жеткізілген. Әлбетте, мұның көп бөлігін ұн экспорты құрайды. 2021 жылдың қаң­тар-маусым айларында Қазақ­станда өндірілген 656 мың тонна ұн тоғыз мемлекетке жөнел­тілген. Соның 65,5 пайызы Ауған­станға жеткізіліпті. Бұдан бөлек осы жылдың бірінші жар­ты­жылдығындағы бидай экспортының 11,8 пайызы да Ауғанстанға бағытталған.

Байқағандарыңыздай, біз­дегі ұнның негізгі нарығы – Ауғанстан. Мұны жоғарыда кел­тірген статистикалық деректер де растап тұр. Ол аз десеңіз, 2020 жыл­дың көрсеткішіне де бір мәрте көз жү­гір­тіп өткеніміз жөн болар. Мәселен, был­тыр Қазақстан Ауғанстанға 1 млн 152,6 мың тонна ұн экспорттаған. Бұл 2020 жылғы жалпы ұн экспортының 66 пайызына тең. Демек, отандық диқандар мен экспорттаушылардың алаң­дауы­на толық негіз бар.

«Жаңбыр жаумай, су бол­ғанымыз жарамас, әрине. Деген­мен қауіптің бұлты сейіл­мей тұр. Бір­лесе жұмыс істеп жүрген ауғанстандық серіктес­терімізбен байланысқа шықтық. Олар елден кетуге мәжбүр болыпты. Қазір Өзбекстанды паналап отыр. Ал алдағы жағдайдың қа­лай болатыны бізге беймәлім. Олар Ауғанстанға қайта оралып, бізбен бір­лесіп жұмыс істей ала ма? Қазір бұл сұрақ­қа нақты жауап алу қиын.

Жасыратыны жоқ, Ауғанстан билігі­нің тәлібтердің қолына өтуі Қазақстанды ауқымды нарық­тан шеттеткелі отыр. Біздің тауар аталған мемлекетте енді сатыл­мауы мүмкін. Қазірдің өзінде ал­дын ала төлемдер жасалған жоқ. Келісім­шарттарға да қол қойылмай қалды. Ауғанстан­дағы нарықтан айырылсақ, бір­шама кәсіпорын тығырыққа тіре­леді», дейді өнімінің 90 пайызын Ауғанстанға экспортайтын «СевЕсильЗерно» ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова.

KAZGRAIN бидай экспорт­­тау­шы­лардың ұлттық қауым­дастығы төраға­сы­ның орынбасары Әлібек Атайдың мә­лім­деуінше, қазір Ауғанстанмен ара­­дағы жұмыс тоқтап тұр. Біз­дің тарап өздері­не тиесілі қар­жыны да ала алмай отыр.

«Екі апта бұрын астық жө­нелт­кенбіз. Енді жіберген вагон­дар кері қайта ма, жоқ па деп алаңдап отырмыз. Вагондар­дың жүрісін бақылайтын бағдарлама Ауғанстан аумағында жұмыс іс­те­мейді. Ендігі жерде бұл жағ­­дай вагон иелерін де ойландыруы тиіс. Олар Ауғанстан ба­ғы­тына жұмыс істеуден мүл­дем бас тартуы мүмкін немесе вагонға төле­­не­тін ақыны мей­лінше көтеруі ықти­­мал. Әрине, бағаның қым­бат­­тағаны экспорт­тау­шыларға тиімсіз.

Өкінішке қарай, Ауған тарапынан алдағы жағдайдың қалай өрбитініне қатысты нақты жа­уап ала алмай отырмыз. Санаулы күндерден кейін биылғы астыққа да орақ түседі. Ал аз уақыттың ішін­де Ауғанстаннан бөлек бала­ма нарық табу қиын. Қытай нары­ғы каран­тинге байланысты жа­бық жатыр. Ресей бидайға салы­на­тын салықты еселеп өсіруде. Сондықтан Орталық Азия ел­дері мен Иранның тамырын ба­сып көреміз», дейді Ә.Атай.

 АҚШ пен ақша

Қазақстан астық өсіруші­лер одағының сарапшысы, «Северное Зерно» компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Кара­банов­тың пікі­рінше, Ауған­стандағы саяси ахуал Орталық Азия елдерінің ғана емес, жал­пы тұтас әлемдегі азық-түлік сау­дасының құрылымын айтар­лық­тай өзгертуі мүмкін. Өйткені Ауғанстан – азық-түлік импортына тәуелді мемлекет.

Е.Карабанов ұсынған дерекке сүйенсек, Ауғанстан 2020 жылы әлем ел­дерінен 1,885 млн тонна ұн импортта­ған. Негіз­гі жеткізуші мемлекеттер – Қазақстан мен Өзбекстан. Былтыр біздің ел Ауғанстанға 302 млн долларға 1,152,6 млн тонна ұн экспорттады. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 430 мың тонна ұн жеткізген.

Сол секілді өткен жылы Өзбекстан Ауғанстанға 721 мың тонна ұн жөнелт­кен. Осы орайда көрші мемлекет экс­порттаған ұнның көп бөлігі қазақ­стандық бидайдан өндірілгенін атап өткен жөн. Себебі Өзбекстан Қазақстаннан көп көлемде бидай импорттап отыр. Биыл отандық ұн экспортының 61 пайызы Ауғанстанға бағытталады деп болжам жасалған еді.

«2021 жылдың басында Ауғанстан­дағы халық саны 39,6 млн адамды құ­рады. Соңғы он жылда мұндағы ха­лық саны 10 млн адамға көбейген. Өкі­ніш­ке қарай, бұл ел – әлемдегі кедей мем­ле­кет­тердің бірі. Сондықтан азық-түлік импортына тәуелді. Ұн мен бидай ғана емес, күнбағыс майы секілді бас­қа да азық-түлік түрлері өзге мем­лекеттерден жеткізіледі. Елдегі биліктің ауысуы экспорттаушы мемлекеттерді елең­де­тіп қойды. Оған негіз де жоқ емес. Бірін­шіден, жаңа билік­ке деген сенім­сіз­дік басым. Ел­дегі жағдайдың қалай өр­битіні жұмбақ. Екіншіден, АҚШ Ауған­стан Орталық банкінің 9,4 млрд доллар көлеміндегі активін бұғат­тап тас­тады. Бұдан бөлек сол елдегі серіктес­тердің ха­бар­лауынша, жергілікті банктер SWIFT тө­лем­дерін толығымен тоқ­тат­қан. Бұл дегені­міз өзара есеп айы­рысу­ға еш­қан­дай мүм­кіндік жоқ», дейді Е.Карабанов.

Ақшаға қатысты мәселені «СевЕсильЗер­но» ЖШС-нің коммер­ция­лық директоры Т.Колегова да тілге тиек етті.

«Бұған дейін отандық экс­порт­­таушылар төлемді амери­калық корреспондент-банктер арқылы қабылдайтын. Ауған­стан­дағы жаңа билік пен Батыс­тың қарым-қатынасы нашарласа, қаржы институттары төлем жасау­дан бас тартуы ықтимал», дейді ол.

Шынында да, осы күнге дейін Ауған­с­тан­ның ішкі жалпы өнімі АҚШ-тың араласуымен қамтамасыз етіліп келді. Алай­да АҚШ өз әскерін бұл мемлекеттен шы­ғарып алды. Демек, алпауыт елдің Ауғанстанға ақша құюы да тоқ­талуы мүмкін. Ал бұл жағдайдың Қазақ­стан­ның ұн өндірісіне кері әсер ететі­ні айтпаса да түсінікті.

 Қайтпек керек?

Қара аспанды төндіре айтсақ та, анық бір дүние – Қазақстан Ауғанстан нарығынан біржола айырылған жоқ. Ә.Атай айтқандай, мың күн соғыс болса да, халыққа бәрібір нан керек.

«Әліптің артын баққан дұрыс. Меніңше, алдағы екі-үш аптада жағдай біржақты болады. Ел Үкіметінің үнсіз жат­­қаны да сондықтан. Әрине, ішкі нарық­тан артылған өнімнің экспорттал­ғаны жақсы. Ал экспорттық өнім өзімізде қалса тиімсіз», дейді ол.

Бәлкім, ұн өндірушілерге уақытша қолдау көрсеткен жөн болар. Сарапшы Е.Карабанов ол үшін алдымен қазіргі биліктің Ауған­станды азық-түлікпен қалай қамтамасыз етпек ойы барын біліп алған дұрыс деп санайды.

«Ауғанстан өзге елдердің гумани­тар­лық көмегіне иек артуы мүмкін. Бұл біздің ел үшін тиімсіз. Қазақстан үлкен нарықтан айырылмақ. Әдетте, гумани­тарлық көмек алдымен мемлекетке жақын орналасқан елдерден жеткізіледі. Егер ха­лықаралық ұйымдар өнімді сатып алатын болса, онда олар үшін ең тиімді ел – Қазақстан. Өйткені логистикалық байланыс жолға қойылған. Өндірушілер де жұмыстың жай-жапсарын жақсы біледі. Тәжірибе де жетерлік. Бұл тұрғы­дан Қазақстанның әле­уеті жоғары, бірақ барлық мә­се­ле қаржыландыруға байла­нысты болмақ. Сондықтан жағ­дай тез арада реттелгенін күту­ден басқа амал жоқ», дейді Е.Карабанов.

Қазақстан астық өңдеушілер одағы­ның президенті Евгений Ганның пікірін­ше, елдегі астық экспортының әлеуеті толық пайдаланылмаса, ішкі нарық зардап шегуі мүмкін. Өйткені ұсыныс сұраныстан асып кеткелі тұр. Ал бұл астық бағасына міндетті түрде әсер етеді. Оның үстіне Ресейден Қазақстанға астық им­портталатынын да естен шы­ғаруға болмайды.

«Отандық астық өсірушілер бидай­дың бір тоннасын 100 мың теңгеден арзан бағаға сатса, онда сөзсіз шығынға ба­тады. Сондықтан биылғы маусым­да қалайда дәстүрлі нарықтарды сақ­тап қалу керек. Сондай-ақ Иранға ас­тық жеткізуді барынша арттыруға басым­дық берген жөн. Бұл ретте бізге ресей­лік экс­порттаушылар бәсекелес бол­­мақ. Дегенмен мүмкіндігіміз жоға­ры. Өйткені Ресейде ас­тық­ты елден шы­ғарған кезде қо­мақты көлемде салық салы­нады. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын ресейлік экспорттаушылар қазақстандық компанияларды Иран нарығынан ығыстырып шығарған болатын», деді Е.Ган.

Ауғанстан Қазақстан астығы­нан бас тартып, Өзбек­стан­мен жұмыс істеуге басым­дық беруі де ғажап емес. Екеуі де Ауғанстанға ұн экс­порт­тай­тын негізгі мемлекет. Егер ауған­дар біздің өнімнен бас тартса, онда өзбектердің айы оңынан тумақ.

«Бұрын Ауғанстанға ұнды негізінен Пәкістан экспорттайтын. Алайда Пәкістанда халық саны көбейіп, азық-түлікке деген сұраныс артты. Тиісінше, соңғы он жылда бұл елдің экспорттық әлеуеті айтарлықтай нашарлады. Ал Өзбекстан соңғы уақытта ұн экспортын барынша арттырып келеді. Бұл ретте көрші мем­лекет Қазақстанның бидайын қай­та өңдеу арқылы пайдаға кенеліп отыр. Сондықтан Өз­бек­стан тарапы қалып­тас­қан жағ­дайды тиімді пайдаланып, қазақ­стандық ұнның Ауған­станға экспорт­талуына кедергі келтіруі мүмкін. Яғни Өзбекстан Ауғанстан бағы­тын­дағы жүк транзитіне тоқтау салуы ықти­мал», дейді Т.Колегова.

Ұмытып барады екенбіз, осы жылдың маусым айында Мәжіліс депутаты Айбек Паяев отан­дық ұн өндірушілердің мүд­де­сін қорғап, Үкіметке депутат­тық сауал жолдады. Ол Қазақ­стан­ның ұн өн­діру саласына мем­лекеттік қолдау қажет екенін алға тартқаны есімізде. Халық қалау­лысының дерегінше, 2000 жылдары Қазақстанда 2 300 ұн өн­діретін компания болған. Бү­гінде олардың біразы банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатқан. Егер Ауғанстан біздің астық пен ұннан бас тартса, отандық өндірушілердің ба­сы­на қара бұлт қайта үйірілуі әбден мүмкін.

Қайтпек керек? Тәлібтің тілін табамыз ба? Әлде әліптің артын бағамыз ба?..