Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ескерткіші ашылды. Ел мен жердің тұтастығын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан тау тұлғаның мүсіні Әскери-тарихи музей жанындағы алаңда орналастырылды.
Есімі ұлт жадынан ұмытылмайтын тұлғалар болады. Сондай тұғырлы тұлғаның бірі һәм бірегейі Жұмабек Тәшенов еді. Алаш баласы үшін несімен ерек, несімен бөлек бұл есім? Оны да айтайық. Ж.Тәшенов Үкімет Төрағасы ретінде республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген еліміздің бес бірдей солтүстік облысын Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Ақыр соңында арыстан жүрек азаматқа «ұлтшыл» деген айып таңылып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылған.
Иә, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан 2 724 902 шаршы шақырым жер көлемімен дүниежүзінде 9-орынға табан тіреп тұрған болса, ол үшін кең-байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманаттаған жаужүрек ата-бабаларымызбен қатар, Ж.Тәшенов сынды қайраткерге де қарыздармыз. Оны халық ұмытқан емес. Ұмытпайды да. Осындай ерен ерліктері үшін болар, бір кездері «Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім – Жұмабек», деп тебіренді жазушы Ғабит Мүсірепов. «Ж.Тәшенов қандай қызметте болса да – ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді», деп толғанды Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов.
– Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан Жұмабек Тәшеновке ескерткіш ашып отырмыз. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Енді міне, кезек ескерткішке келіп отыр. Ағамыздың мүсіні комиссия мүшелерінің, зиялы қауым өкілдерінің, ұрпақтарының келісімімен құйылды. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда елміздің танымал тұлғаларына арналған бірқатар ескерткіш ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пандемияға қарамастан, еліміздің руханиятын көтеретін бастамалар әрі қарай да жалғаса береді, – деді ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков еліміздің өркендеуі жолында еңбек еткен асыл азаматтарымыз аз болмағанын, солардың арасында Жұмабек Тәшеновтің шоқтығы биік екенін айрықша атап өтті. Сол сияқты халқымыздың арда тұлғасына арналған ескерткіш қаламыздың көрікті орындарының бірінен ашылып отырғанын айта келе, ел руханиятының дамуы жолында еңбек етіп жатқан қала әкімдігіне алғысын білдірді.
– Бүгінгі мемлекеттік тұлғаға ашылып отырған ескерткіш – тәуелсіздіктің жарқын жемісі. Тарихи тұлғамыздың мүсіні елордамыздың төріне орнатылып отыр. Қуанышымыз құтты болсын! Жұмабек Тәшенов өз елінің перзенті ретінде ел алдындағы парызын өтеген тұлға деп есептейміз, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов.
Ұрпақтарының атынан ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы сөз сөйлеп, Елбасына, Мемлекет басшысына алғысын білдірді. «Жұрт менен әкеңнің атын неліктен насихаттамайсың, елге сіңірген еңбегін не үшін айтпайсың?» деп сұрап жатады. Менің ойымша елге сыйлы азаматтың еңбегін халқы өзі бағалауға тиіс. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш халықтың әкеме деген сый-құрметі деп білемін», деді Саян Жұмабекұлы.
Ескерткіштің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсінші – Е.Ержанов. Мүсін қоладан құйылып, тұғыры граниттен қаланды. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 8,2 метр.