• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Тамыз, 2021

«Мектепке жол»: 13 мыңға жуық ақмолалық оқушыға көмек көрсетілді

203 рет
көрсетілді

Ақмола облысында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, бизнестің өкілдері, өңірдің демеушілері мен меценаттары балаларға киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алып, мектепке жиналуға белсенді көмектеседі, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Іс-шара мақсаты - жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды қолдау. Іс-шара облыстың барлық аудандары мен қалаларында өткізіледі.

Білім басқармасы атап өткендей, бүгінде Ақмола облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 мыңнан астам оқушы бар, олардың 1123-і бірінші сынып оқушылары.

«20 тамыздағы жағдай бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 12951 оқушыға мектеп формасы мен кеңсе жабдықтарын сатып алуға көмек көрсетілді, сондай-ақ бірінші сыныпқа баратын 1046 оқушыға керек жарақтар жиналды», деп хабарлады облыстық ведомстводан.

Айта кетсек, ата-аналар да «Менің Атамекенім» порталында көмек алуға өтінім қалдыра алады. Бұл платформа көмекке мұқтаж адамдар мен қайырымдылық жасаушылар арасында тікелей байланыс орнатады.