«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалалық архивте сақтауда тұрған шамамен 5 миллион парақ цифрландырылады. Бұл туралы бүгін қала әкімінің алдындағы есепті жиында тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алдымызда архивте сақтаулы тұрған шамамен 5 миллион парақты цифрландыру қажеттілігі туындап отыр. Мемлекеттік сақтауда тұрған құжаттарды электронды форматқа көшіру жұмыстарын жүргізу үшін архивте 2 дана планетарлық сканер орнатылған. Бір сканер күніне 400 бет өткізсе, екі сканер жылына 193 600 парақты өткізеді. 5 миллион құжатты цифрлау үшін 26 жыл қажет деген сөз. Ал, бұл жұмыстарды 5 жыл ішінде аяқтау үшін қосымша 8 сканер сатып алып, 8 штат бірлігін құру қажет», деді басқарма басшысы.
Есепті кезеңде 104 189 парақты цифрландыру күн тәртібіне қойылған болса, қазіргі танда 106 255 парақ цифрланып, көрсеткішке қол жеткізілген. Архивтік құжаттар қорын ұлғайту индикаторы ІІ тоқсанда жобалық кеңсеге енгізіліп, жоспарланған 1500 іс-құжат нақты орындалған.