Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген көрерменге өзінің Stranger («Бейтаныс») атты әнін таныстырды. 19 тамызда Сочидегі Олимпиадалық парктің New Wave Hall сахнасында алғаш рет орындалған ән қобызбен сүйемелденіп, көпшілікті таңғалдырды. Ежелгі қазақ аспабы Игорь Крутой мен Димаш Құдайбергеннің жаңа әніне айрықша реңк бергендей.
Дәстүрлі қазақ музыкасын дәріптеуге әрдайым зор ықыласпен қарайтын әнші бұл жолы да ағылшын тіліндегі заманауи әнді қобыз үнімен үйлестіріп, жаңалық жасады. Жаңа композицияның музыкасын орыс композиторы Игорь Крутой жазса, мәтін авторы – америкалық ақын Шарон Вон. Негізгі аранжировкамен Димитрис Контопулос (Грекия) және Ерлан Бекчурин (Қазақстан) айналысқан.
Айта кетейік, жаңа әнге қобыз қосу идеясы Димашқа Stranger әуенін алғаш естігеннен кейін келген.
«Біз Stranger-де қобыз партиясын орындауға талантты досымыз Олжас Құрманбекті шақырдық, себебі ол – композицияның эмоциясы мен сипатын толық жеткізе алатын үздік қобызшы. Оның арқасында ән ерекше және өзгеше дыбысқа ие болды. Мен қандай да бір шетелдік коллаборацияда қобыздың дыбысталуын әрдайым армандайтынмын», дейді Димаш.
Жаңа композицияға халықтық аспапты қосу туралы шешім Игорь Крутойға бірден ұнаған. Маэстро Stranger жаңа түстерге ие болып, одан да қызықты болатынына сеніпті.
«Димаштың таланты, орасан зор вокалдық мүмкіндіктері мен көптеген халықаралық аудиторияға жұмыс істеуге деген ынтасы мені жаңа ән жазуға шабыттандырды. Шынымды айтсам, мен бұл композицияны тағы кім орындай алатынын елестете алмаймын», деді Игорь Яковлевич.
Ал қобыз партиясын орындаушы Олжас Құрманбек Stranger әні ерекше әдемі, өзіндік шығыстық сипатқа ие болғанын атап өтті. «Осындай үлкен сахнада және мынадай жоғары деңгейдегі іс-шарада қобызды көрсету мәртебесіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Жақында бұл өте әдемі құрал бүкіл әлемге танымал болады деп үміттенемін және біз оны ғаламшарымыздың барлық бұрышынан еститін боламыз», деді қобызшы.