Қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент халқының қаншаға жеткенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Санақтың бірінші кезеңінде 29 нұсқаушы-бақылаушы мен 198 интервюьтер 1,5 айға тартылып, елді мекендерді аралап, үй-жайлардың тізімін жасақтады. Санақтың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Шымкент қаласының халық саны 1 002 720 адамды құрады. Биылғы 1 маусымдағы мәліметтерге сәйкес 90 464 адамға жетпеді. Бұл жаз айындағы демалысқа байланысты болып отыр» деді ол.
Әйтенов айтқандай, санақтың екінші кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр.
«Санақ персоналдарын үй-жайларымен қамтамасыз ету бойынша 155 нұсқаушы-учаске белгіленіп, олар жиһаз бен құрал-сайманмен жабдықталды. Қала аумағында ақпараттық парақшалар таратылды. Халық санағының екінші кезеңін өткізу жұмыстарына Шымкент қаласы толық дайын», деді ол.
Осыған дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов халық санағына тиісті деңгейде дайындалмай отырған өңірлерді атаған еді. Оның ішінде Шымкент қаласы да болды.