Елордадағы Ұлттық теннис орталығында өтетін ATP 250 санатындағы Astana Open халықаралық беделді турнирінің негізгі кезеңінде бақ сынайтын теннисшілердің алдын ала тізімі жасалды деп жазады Egemen.kz.
ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, турнирде дүниежүзіндегі ТОП-100 теннисшісінің қатарына енетін Александр Бублик (Қазақстан, әлемнің 37-ракеткасы), Кристиан Гарин (Чили, 19), Аслан Карацев (Ресей, 24), Филип Крайнович (Сербия, 38), Душан Лайович (Сербия, 40), былтырғы Astana Open чемпионы – Джон Милман (Аустралия, 43), Бенуа Пер (Франция, 49), Лоренцо Мусетти (Италия, 58), Маккензи МакДональд (АҚШ, 60) және өзге теннисшілер бақ сынайды.
Сонымен қатар жарыстың негізгі кезеңінде қазақстандық теннисшілерден Александр Бубликтен бөлек, ерлер құрамасының барлық өкілдері өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесов. Және де Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жұқаев, Достанбек Ташбулатов, Григорий Ломакин сынды жас ойыншыларымыз ел біріншілігіне қатысып, Astana Open ATP 250 жарысының негізгі кезеңі мен квалификациясында ойнауға мүмкіндік алады.
Еске сала кетейік, турнир 2021 жылдың 19-26 қыркүйегі аралығында Нұр-Сұлтанда өтеді.