Бұл күндері АҚШ-тың Охлахома-Сити қаласында ескек есуден аталмыш мемлекеттің ашық чемпионаты өтіп жатыр. Айтулы жарыста қазақстандық спортшы Әнуар Ақчурин қос күміс медальді иеленді.
Жарыстың алғашқы күні халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әнуар Ақчурин америкалық Гэвин Росспен бірге каноэ-екілік сайысында сынға түсті. Айтулы жұп 1 000 метрлік қашықтықта мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Келесі тәулікте каноэ-төрттік бәсекелері басталды. Бұл жолы қазақ спортшысы «Вашингтон каноэ клаб» клубының сапында өнер көрсетіп, өзінің командалық әріптестерімен бірге тағы да күміс медальді мойнына ілді.
Алда тағы бірнеше қашықтықтар бойынша өтетін сайыс түрлері бар. Сол бәсекелердің бірінде қандасымыз бас жүлдені олжалауды көздеп отыр.