СТОКГОЛЬМ. Ауғанстандағы жиырма жылға созылған соғыс шырқау шегіне жетіп, қауіпті кезеңде тұрғанда Балқан түбегінде қақтығыс басталып, қырғынға ұласқанына 30 жыл өткенін есте ұстаған жөн. Екі оқиға да қате жүргізілген соғыстың теріс салдары ондаған жылға созылатынының жарқын мысалы.
Балқан түбегінде ыдырап жатқан мемлекет Югославия мен оның құрамындағы республикалардың бірі Словения арасында басталған шағын соғысқа Хорватия қосылып, соңы үлкен қақтығысқа ұласты. Бір жыл ішінде соғыс өрті Босния мен Герцеговинаны да шарпып, жанжал өршіп кетті. Кенеттен Еуропаның «соғыстан кейінгі» кезеңі аяқталды.
Балқан соғысы он жылға созылды. Дейтон бітімгершілік келісіміне қол қойылған соң, 1995 жылы Босниядағы қақтығыс аяқталды. Бірақ кейіннен Косовода соғыс басталды. Ол 1999 жылға дейін жалғасты. Ал 2001 жылы қазіргі таңда Солтүстік Македония деп аталатын елде қақтығыс болды.
Балқан соғысы кезінде 100 мыңнан астам адамның өмірі қиылды, миллиондаған адам қоныс аударып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуы ондаған жылға тежелді. Қарызға өмір сүргенімен, Югославия басқа социалистік мемлекеттерге қарағанда, өз азаматтарына жақсы жағдай жасады, елдегі өмір сүру деңгейі жоғары еді. Елдің ұзаққа созылған, қатығысқа толы ыдырауы бәрін өзгертті.
Сол кезде жасалған бітімгершілік келісімдер уақытша қабылданған шаралар ғана еді. Тараптардың бәрі ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін неғұрлым кең және жан-жақты әрекет ету қажет етілетінін түсінді. Осылайша, 2003 жылы Еуропалық одақ басшылары аймақтағы барлық мемлекет ЕО аясында тұрақты болашақ пен ұзақ мерзімді бейбітшілік үшін еңбек етуі қажет екенін мәлімдеді.
Ешкім мұны бір күнде бола салады деп күткен жоқ. Бірақ интеграция процесі бұрынғыдай күрделене түседі деп те ешкім ойламады. Словения мен Хорватия Еуропалық одақ құрамына тиісінше 2004 және 2013 жылдары қосылғаннан бері ұйымның Балқан түбегіндегі елдерді қосу процесі іс жүзінде тоқтап қалды.
Мұның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, Еуропалық одаққа кірмейтін Балқан елдеріндегі саяси және экономикалық реформа өте баяу жүрді. Ал сыбайлас жемқорлық пен ұлтшылдық сезімі бұрынғыдан да күшейе түсті. Екіншіден, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер одан әрі кеңеюді қолдай қойған жоқ. Саясаткерлер әлі де бұл идеяны жүзеге асыруды айтып жүргенімен, бірнеше негізгі мүше мемлекеттер де бұған құлықты емес.
Оның үстіне, Балқан елдеріндегі проблемалар өте күрделі. Дейтон келісімінен кейін ширек ғасыр өткен соң, халықаралық қоғамдастық Боснияны саяси дисфункциялы деп санады. Осылайша, кең ауқымды өкілеттіктерге ие жаңа Жоғарғы өкіл тағайындалды (мен мұндай қызметті тұңғыш рет 1995-1997 жылдары атқардым). Сөйтіп елдің Еуропалық одаққа кіруі күн тәртібінен түсіп қалды.
Сонымен қатар Сербия уақыт өте келе Қытаймен ауыз жаласқан, Ресейге сүйіспеншілікпен қарайтын автократиялық режімнің құрбанына айналды. Ал мемлекеттің өкілдері Брюссельдегі Еуропалық комиссияда жақсы келбетін көрсетуге талпынды. Еуропалық одақ пен АҚШ-тың үлкен күш-жігеріне қарамастан, Сербия мен Косово арасындағы түйткілді мәселелер әлі де шешілер емес.
Ақыры, Грекия Еуропалық одаққа кіруіне тыйым салғаннан кейін (елдің атауына байланысты дау туындады) Солтүстік Македония енді Болгариямен араздасып қалды. Оның себебі тереңге кеткен аймақтық түсініспеушілікте жатыр (бірақ қазіргі уақытта оның маңызы жоқ еді).
Ахуалды одан әрі күрделендіре түсетін мәселе мынада. Еуропалық одақ Венгрия мен Польша билігінің заң үстемдігіне, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына нұқсан келтіруімен күрескеннен кейін ұйымға либералды емес мемлекеттерді енгізуге деген ынта төмендеді. Венгрия Сербияның Еуропалық одаққа қосылу туралы өтінішін қызу қолдаған кезде, ұйымға мүше басқа мемлекеттер кірмеуі тиіс екенін жақсы түсінді.
Еуропалық одақтың 2003 жылғы шешімі батыл және дана стратегиялық қадам еді. Бірақ қазіргі таңда Балқан түбегі интеграциясының келешегі әлсіреп бара жатқандықтан, оны осы бағытта жалғастыру мүмкін емес. Оның орнына, саяси көшбасшылар шындықты қабылдап, түпкі мақсаттан бас тартпай, аймақтағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін нақты қадамдарды жоспарлай бастауы керек.
Албания, Солтүстік Македония және Сербия арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға арналған «Ашық Балқан» бастамасы – бұған жол ашатын тиімді жоба. Бірақ бұл жеткіліксіз.
Еуропалық одақ кедендік одақ пен біртұтас нарыққа мүшелікке қабылдау секілді ұсыныстары бар жаңа келісімге бастамашы болып, көшбасшылықты қолына алуға тиіс.
Отыз жыл бұрын Балқан соғысы Словения шекарасындағы он күндік шағын қақтығыстан басталды. Енді Словения Еуропалық одақ Кеңесіне төрағалық етеді. Аталған ел күн тәртібінде қазанда өтетін бүкіл Батыс Балқан мемлекеттері мен Еуропалық одаққа мүше елдердің бірлескен саммиті бар. Бұл жиын бүкіл тараптың нақты және шынайы ойлануына жағдай жасауы қажет.
Бұдан басқа жол жоқ. Әйтпесе, батыс Балқан елдері кері кетіп, соңы қақтығысқа ұласады. Дәл бұрынғыдай. Қазіргі таңда Ауғанстанда болып жатқандағыдай. Мұндай жағдай Еуропада қайталанбауға тиіс.
Карл БИЛДТ,
Швецияның бұрынғы
Премьер-Министрі және Сыртқы істер министрі
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org