• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Білім 24 Тамыз, 2021

«Мектепке жол»: Оқушылар оқу жылына дайын ба?

1217 рет
көрсетілді

Бүгінде балпаң басып өсетін бала да бар, жалтаң қағып өсетін жеткіншек те жоқ емес. Өйткені нарықтық қоғамда өмір сүреміз. Бірімізде бар, бірімізде жоқ...

Биыл араға бір жарым жылдай уақыт салып, оқушылар оффлайн оқуға оралмақ. Алдағы 2021-2022 оқу жылына оқушылардың қауіпсіздігін барынша сақтай отырып, мектеп партасында отырып білім алуына рұқсат берілді. Осы орайда ата-аналарға бір жылдан астам уақыт бойы білім ошағының бетін көрмеген балаларын жаңа оқу жылына дайындау да оңай тимей отыр. Әсіресе балалы-шағалы үйелмендерге әжептәуір салмақ түседі.

Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек», деген-ді. Президенттің балаларды қабілетіне қарай бөлмеу, әлеуметтік жіктелуге жол бермеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында биыл оқушылардың мектеп формасына қатысты қойылатын талаптар жеңілдетілді. Ендігәрі оқушылар білім ұясына классикалық үлгідегі киіммен бара бермек. Ешкім бұрынғыдай бірыңғай мектеп формасын іздеп, арнайы тапсырыс беріп, қаражат жинап әуре болмайды. Бұл да болса, әлеуметке әжептәуір көмек болғалы тұр.

Әлбетте, «Бесіктегі бала бес түлей­ді» дегендей, балғындардың табиғаты өсім­тал болғандықтан, күнде көріп жүре­тін кішкентайлардың көне ерте­гі­дегі Кендебайдай күн санап өсетінін ба­қуатты ата-ана байқай бермесе де, тапқан-таянғанын үпір-шүпір бала-шағасының аузына тосатын үйел­мен­дерге үлкен салмақ түсетіні анық. Бір баланың өзін киіндіру, керек-жара­ғын алып беруге қиналып қалатын отба­сы­лар бар. Ал көпбалалы әрі мектеп жа­сындағы ұл-қыздары көп ата-ана­лардың қалтасын қағатын бұл кезеңде көптің көмегі – айтарлықтай демеу.

Сондықтан жыл сайын елімізде тамыз айында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын өткізу жолға қойылған. «Қуантсаң, баланы қуант» дейтін қазақстандықтар бұл іс-шараға белсенді қатысады. Әр өңірді қамтитын аталған акцияға жергілікті мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, демеушілер қатысып, балаларға аяқ киімнен бастап, жаңа киім­дер, мектеп керек-жарақтарын сатып алып береді. Осылайша, әр сынып­тағы балалар түгелдей дерлік мектепке баруға дайын болады.

– Бәріміз де бала болдық. Балалық шақ – адам өмірінің уайым-қайғысыз ең бір бақытты кезеңі болуға тиіс. Кеңес­тік уақытта тұрмыстық тұрғыдан барша халық бірдей қоңырқай өмір сүр­гендіктен, балалардың арасында әлеуметтік қайшылықтар бола қоймай­тын. Ал қазіргі уақытта әр отбасының әлеу­меттік жағдайы да, әдебі мен тәр­биесі де әртүрлі болғандықтан, бала­лардың бәрі бірдей дей алмаймыз. Сондықтан әсіресе көпбалалы ата-ана­лардың балаларын мектепке ешкімнен кем болмай баруына қоғам өкілдері болып қолұшын созуға тиіспіз. Бұл – сауапты іс, – дейді алматылық меценат Құсман Шалабаев.

Қазір оқушыларды мектепке дайын­дауға байланысты ата-аналардан да өтініштер жиі түседі. Мәселен, Аты­рау облыстық білім басқармасы бас­шы­сының орынбасары Айнагүл Дүйсе­кенованың мәліметінше, оқушыларды мектепке дайындау үшін 10 мың өтініш түскен.

«Облыста жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. Қазір өңірде әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан 13 мыңнан астам оқу­шы бар. Мектеп формасы мен оқу құрал­дарын сатып алуға облыстық бюджеттен 248 млн 400 мың теңге бөлінді. Қайырымдылық іс-шарасы көпбалалы және аз қамтылған, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары алады. Бір балаға 25-35 мың теңгенің көмегі көрсетіледі», дей­ді А.Дүйсекенова.

Ал Ақмола облысында жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында ата-аналар «Менің Атамекенім» порталында кө­мек алуға өтінім қалдыра алады. Бұл плат­форма көмекке мұқтаж адамдар мен қайы­рымдылық жасаушылар арасында тіке­лей байланыс орнатады. Облыстық білім басқармасы атап өткендей, бүгінде өңірде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 мыңнан астам оқушы бар, олардың 1 123-і мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.

«20 тамыздағы жағдай бойынша «Мек­тепке жол» акциясы аясында әлеу­мет­тік жағынан тұрмысы төмен 12 951 оқу­шыға мектеп формасы мен кеңсе жабдық­тарын сатып алуға көмек көрсетілді, сондай-ақ бі­рін­ші сыныпқа 1 046 бірінші сынып оқу­шы­ларын жинады», дейді облыстық білім басқармасы.

Сондай-ақ Білім және ғылым минис­трлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жалпы білім беру қорынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 400 мыңнан астам білім алушылар мен тәрбиеленушілерге материалдық көмек көрсету жоспарланған. Бұл көмек келесі санаттағы балаларға –мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу­­ға құқығы бар отбасылардан шыққан ба­ла­ларға; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің ша­масынан төмен отбасылардан шыққан бала­ларға; жетім балаларға, ата-анасының қам­қорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға; төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ете­тін отбасылардан шыққан балаларға; білім беру ұйымының 

алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына көрсетіледі. Бұл ретте киім, аяқ­киім, мектеп-жазу құралдарын сатып алу жергілікті бюджеттен 1 (бір) білім алушыға есептеліп бөлінген қаражат шегінде жүзеге асырылады. Көмек жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша бөлінген қаражаттың мүмкіндігіне қарай беріледі. Мысалы, бір балаға Нұр-Сұлтан қаласы – 40 мың теңге, Алматы қаласы – 35 мың теңге, Шымкент қаласында 30 мың теңгені құрайды. Орта есеппен өңірлер бойынша бір балаға 27 мың теңге көлемінде бөлінеді.

Түйін: «Бала өсті дегенше, батыр өсті десейші, батыр өнер білмесе, қапыл өсті десейші», дегендей балалардың қапыл болмай, батыр болып өсуі үшін де барша қоғамның балаларға қол ұшын созуы – ең игі істердің бірегейі, біртұтас елдігіміздің бейнесі болмақ. Қыркүйекке дейін жалғасатын қайырымдылыққа үлес қосу – қазіргідей қым-қуыт пандемия жағдайында ең ізгі амал екені шүбәсіз.