Нұр-Сұлтанға оралған қазақстандық құтқарушыларды Түркияның ҚР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи күтіп алды, деп жазады Egemen.kz.
Түрік елшісі қиын сәтте көмекке келген бауырлас халықтың қолдауына алғыс білдірді.
«Түркияның елшісі ретінде өз атымнан және Түркия халқының атынан қазақстандық құтқарушыларға, олардың отбасына атқарған еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Екі ел арасындағы өзара көмек алмасу болашақта жалғасын табады. Түркия да бауырлас Қазақстан елінің халқына көмек көрсетуге дайын. Әлемде табиғи апаттар болып тұрады. Осы ретте Түркия Қазақстанмен серіктестік жасауға әрдайым дайын. Тағы да экипаж бен олардың отбасына көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамын», деді елші.
Айта кетейік, Түркияның Манавгат ауданында таулы жерде алапат өрт шығып, бірнеше өлке зардап шекті. Тамыз айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Ми-8 АМТ екі тікұшағы мен 16 құтқарушысы көмек көрсету мақсатында Түркия Республикасына аттанды.