Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның кеңестік биліктің күштеп ұжымдастыру, қазақ халқын тәркілеу, тонау және басқа да саяси науқандар, Қазақстан жеріне күштеп жер аудару (депортациялау) кезінде, сондай-ақ әскери тұтқында болғандары үшін қуғын-сүргінге ұшырап, ақталмағандардың есімдерін анықтау бағытындағы жұмыс тобының құрамына енген облыстық мемлекеттік архивтің және тарихи-өлкетану музейінің мамандары бірқатар істердің басын қайырды.
Біз өз жұмысымызды құжаттық ақпарат болуы мүмкін дереккөздерді анықтаудан бастадық. Павлодар облыстық мемлекеттік архиві бойынша осындай ақпарат болуы мүмкін 57 қор есепке алынды. Бұл қорларда 1928-1930, 1933, 1935-1960 жылдардағы қылмыстық істер жинақталған.
Бүгінгі таңда жұмыс тобының мүшелері барлығы 1 077 істі қарап, зерделеді. Нәтижесінде, РКФСР-дің Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-інші бабы және басқа да баптары негізінде айыпталып, сотталған 2 423 адам туралы мәлімет табылды. Бұл қылмыстық істерде айыпталушылардың ақталуы жөнінде қандай да бір құқықтық құжат болмағандықтан, біз оларды ақталмаған қуғын-сүргінге ұшырағандар санатына жатқыздық. Алайда бұл қылмыстық істерді құқық саласының мамандары кәсіби тұрғыда жіті қарап, өздерінің нақты құқықтық бағасын берулері керек.
Мысалға, осындай қылмыстық істердің кейбірін атап өтсек, ол Лозов (қазіргі – Успен) ауданы «Стенька Разин» колхозының есепшісі И.Г.Рябцевті Қылмыстық кодекстің 58-7-(диверсия) бабы бойынша айыптау ісі. Бұл адам тұқымның сорттарын контрреволюциялық мақсатпен ауыстырды деп айыпталған. Немесе Цюрупин (қазіргі Шарбақты) ауданы Киров атындағы колхоздың 6 жұмыскерін мал басын құртты және сатты деген айыппен 1932 жылғы 7 тамыздағы қаулыға сәйкес айыптау қылмыстық ісі. Цюрупин ауданы Калинин атындағы колхоздың есепшісі Р.Батахаевты Қылмыстық кодекстің 58-10-бабы бойынша айыптау ісі. Ол астық дайындау науқанына қарсы шығып, колхоз жиналысының өтуіне кедергі жасады деп айыпталған. Урлютюб (қазіргі Железин) ауданы Пушкин атындағы колхоздың колхозшысы Т.Шүкімбаевты Қылмыстық кодекстің, 58-10-бабына сәйкес айыптау ісі. Ол Кеңес өкіметін құлатуға шақырғаны, капиталистік құрылысты мадақтағаны, партия және өкімет саясатына наразылық білдіргені үшін айыпталып, бас бостандығынан айырылған.
Қазіргі уақытта Павлодар округтік және облыстық соттары архивтік қорларынан жұмыс тобы мүшелері анықтаған 1 077 қылмыстық істі цифрландыру бойынша жұмыс басталды, яғни ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарының базасы әзірленуде. Алдағы уақытта жұмыс тобының мүшелері Павлодар облысы Полиция департаментінің Арнайы мемлекеттік архивінде жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Облыстық мемлекеттік архив мамандары саяси қуғын-сүргін тақырыбы бойынша зерттеу, іздестіру жұмыстарымен 1990 жылдардан бері айналысып келеді. Мәселен, ұзақ жылдар «құпия», «аса құпия» тәртібінде сақталып келген архивтік құжаттар ашылып, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл құжаттардың негізгі мазмұны 1920-1930 жылдардағы Кеңес өкіметінің күштеу, зорлық, зомбылық механизіміне негізделген, шұғыл да дөрекі түрде жүргізілген жаппай ұжымдастыру, ғасырлар бойы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқын күштеп отырықшыландыру, индустрияландыруды жүзеге асыру мақсатындағы шектен шыққан ауыл шаруашылығы салығы саясаты, соның салдарынан елді жайлаған ашаршылық, босқынға айналған халық туралы. Бұл архивтік құжаттарда 1930 жылдардың аяғы мен Ұлы Отан соғысы жылдары Ертістің Павлодар өңіріне күштеп жер аударылған, депортацияға ұшыраған тұтастай халықтар мен олардың өкілдерінің аса ауыр тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық жағдайлары, орналасуы жөнінде де аса құнды тарихи деректер бар.
1989 жылдан бастап облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жеке тектік құжаттарын жинай бастады. Бұлар – естеліктер, хаттар, анықтамалар, фотосуреттер, партия ұйымдарының хаттамалары, өмірбаяндық, қызмет бабында жасалған құжаттар, тергеу хаттамалары, прокуратура, сот органдарының саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөніндегі құжаттары және т.б. Осы құжаттардың кейбірі қайғы-қасіретке толы жылдарда жендеттер қолынан таңғаларлық жағдайларда аман қалып, сол зұлмат заман куәсіндей бүгінгі күнге жетіп отыр.
Осы құжаттарға ғылыми сипаттама жасалып, облыстық мемлекеттік архивте XX ғасырдың 30-40-шы және 50-ші жылдарының басында негізсіз саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың істері мен құжаттарының коллекциясы жасалды. Бұл коллекцияға 2 мыңнан аса негізсіз қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар жөнінде аса құнды тарихи деректер енгізіліп отыр.
1999 жылы «Азалы кітап (атылғандар тізімі)» (авторлары – В.Д.Болтина, Л.В.Шевелева) атты кітап жарыққа шықты. Бұл кітапты дайындау барысында құрастырушылар Павлодар облысы бойынша ҰҚК департаментінің ведомстволық архивінде сақталған тергеу істерімен танысып, оларды жан-жақты, терең зерттеді. Авторлар жүздеген адамдардың – бай-кулактардың, жеке шаруалардың, колхозшы-жұмысшылардың, дін өкілдерінің, партия, комсомол ұйымдары қызметкерлерінің, қоғамның алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерінің, жер аударылғандардың, депортацияға ұшырағандардың т.б. қайғылы да ауыр тағдырларының куәсі болып, олардың әрқайсысының қайғы-қасіретін жан-жүрегімен сезінді. Бұл азалы кітапқа 810 адам туралы мәлімет енді. Атылғандардың ең жасы 18-де, ал ең үлкені 82 жаста болған екен.
2014 жылы «Мемориал» халықаралық тарихи-ағарту, құқық қорғау және қайырымдылық қоғамынан (Мәскеу қ.) облыстық мемлекеттік архивке саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар жайлы бірқатар тарихи деректер – хаттар, анықтамалар, анкеталар, баспасөз бетінде жарияланған мақалалар, фотосуреттер, естеліктер және т.б. аса құнды құжаттар табысталды. Осы құжаттардың ішінде атақты жерлесіміз Ж.Аймауытовтың қамауда болған кездегі фотосуреті де бар.
Бүгінгі таңда облыстық мемлекеттік архив «XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Ертістің Павлодар өңіріндегі ашаршылық тарихынан» құжаттар жинағын әзірлеп, баспаға ұсынып отыр.
Қаншайым МАҚАЖАНОВА,
Павлодар облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары