• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Тамыз, 2021

Ауғанстаннан қашқан босқындар қайда паналайды?

502 рет
көрсетілді

Дүниежүзі қазір ірі саяси дағдарысты өткеріп жатқан Ауғанстандағы ахуалды жіті бақылап отыр. Ел билігінің «Талибанның» қолына өтуі тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесіне ғана емес, адам құқықтарының сақталуына да тікелей қауіп төндіруде. Елден бас сауғалап қашқан ауғандықтар өзге мемлекеттерден араша сұрап, шетел асуды мақсат етіп отыр.

«Талибан» Ауғанстан билігін он күнде қалай тез басып алса, елдегі жағдай да тура осындай қысқа уақыт ішінде өзгеріп кетпесіне кепіл жоқ. Көршілес елдер мен Батысты елең еткізген бұл жағдайдың болғанына он күннен астам уақыт өтті. Елдің болашағына күмәнмен қараған тұрғындар жаппай қоныс аударып кетуге дайын. Шетелдіктерден көмек сұрап жатқаны қаншама. Қазірдің өзінде 82 мыңнан астам ауған шетел асып үлгерген. АҚШ билігі соңғы тәулікте 19 мың адамды Кабулдан эвакуациялағанын мәлімдеді. Ақ үй баспасөз хатшысының бірінші орынбасары Карин Жан-Пьер Twitter парақшасында 14 тамыздан бастап АҚШ пен коалицияның әскери рейстерімен шамамен 82 300 адам эвакуацияланғанын мәлімдеді. Бұл шілде айының аяғынан бастап елден кеткен адамдардың жалпы саны 87 900-ге жеткенін көрсетеді.

Джо Байден одақтастарының Ауғанстандағы миссияны аяқтау уақытын соза тұруы туралы ұсынысына қарамастан, АҚШ әскерінің елден жоспар бойынша 31 тамызға дейін шығатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдай ушықпай тұрып, белгіленген уақытта елдегі миссияны аяқтаған дұрыс. Ол өз мәлімдемесінде «неғұрлым тезірек аяқтасақ, соғұрлым жақсы» деген пікір білдірді. АҚШ президенті бұл шешімін Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ, сондай-ақ ЕО-ға кіретін G7 көшбасшыларымен өткізген виртуалды кездесуден кейін жариялаған. Ал қатысушылар АҚШ-тан Ауғанстандағы қызметін  31 тамыздан кейін де соза тұруды сұраған. Келіссөзге төрағалық еткен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Ұлыбритания адамдарды эвакуациялауды соңғы сәтке дейін жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ ол талибтерді белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін де ауған азаматтарына елден кетуге рұқсат беруге шақырды.

Еуропалық Комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен G7-ге мүше мемлекеттер басшыларының «ауған халқына қолұшын созып, оларға мүмкіндігінше қолдау көрсету – ортақ моральдық міндетіміз» дегенге келіскенін жеткізді.

Қазір 6 мыңға жуық америкалық сарбаз бен Ұлыбританияның мыңнан астам әскері Кабул әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шетелдіктер мен  елден кетуге рұқсат алған ауғандарды эвакуациялауды ұйымдастырып отыр. НАТО-ға мүше Франция, Германия және Түркияның да аздаған әскері сонда орналасқан. Еуропа көшбасшыларының Ауғанстан халқына қолұшын созуға деген ниеті АҚШ-сыз іске аспайтыны белгілі. Мұны Германия канцлері Ангела Меркель де айтып отыр. Осылайша, Батыс елдері 31 тамызға дейін барынша көп адамға көмектесуге тырысады. Ал қыркүйектен бастап АҚШ Ауғанстаннан толық шыққан соң не болары белгісіз.

Шетелдік басылымдардан өзге мемлекеттердің ауған босқындарын қабылдап жатқандығын білуге болады. Болгария Ауғанстанның 70-ке жуық азаматы мен олардың отбасыларына баспана беретінін мәлімдеді. Одан бөлек Кабулдан эвакуацияланған 300-ден астам ауған азаматы сәрсенбі күні таңертең Абу-Дабиден екі әскери рейспен Парижге келіп қонған. Франция Кабул талибтердің қолына өткелі 2 мыңнан астам адамды елге кіргізген. Олардың қатарында Франция азаматтары, басқа ұлт өкілдері мен бастарына қауіп төнген ауғандықтар бар. Сондай-ақ бейсенбіде Страсбургке 150 ауған босқыны келетіні белгілі болды.

Бұған қоса Ауғанстаннан эвакуацияланған 51 адам АҚШ-тың өтініші бойынша Угандаға келгені хабарланды. Елдің уәкілетті органы бұл топ Уганда арқылы транзитпен өтіп, АҚШ пен басқа елдерге сапар шегетінін мәлімдеді. Олардың елде қанша уақыт болатыны әзірге белгісіз. Ал Аустралия үкіметі FIFA және FIFPRO ұйымдарының үндеуінен кейін Ауғанстаннан 50-ден астам әйел футболшылар мен жақындарын эвакуациялаған. Сейсенбіде Мексикаға Ауғанстанның әйгілі робот техникасымен айналысатын бес әйел азаматы отбасымен бірге жеткізілгенін айта кеткен жөн. Ресей де Ауғанстаннан төрт әскери ұшақпен 500-ден астам адамды эвакуациялауға дайындалып жатыр. Елдің қорғаныс министрлігі сәрсенбіде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина азаматтарын Кабулдан әуе арқылы әкететінін мәлімдеген. Осылайша, мемлекеттердің Ауғанстаннан өз азаматтары мен өзгелерді шығаруға ай соңына дейін мүмкіндігі бар. Ахуалдың одан әрі қалай өрбитіні беймәлім.