• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2021

Қасірет тартқан қазақ даласы

971 рет
көрсетілді

Биыл Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толды. Осы орайда облыстық А.Пушкин кітапханасының ұжымымен бірлесіп экспедиция ұйымдастырдық. Ай бұрын Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталыққа (ҰЯО) хат жолдадық, бүге-шігесіне дейін ақылдастық. Себебі бара жатқан жеріміз стратегиялық маңызы бар нысан еді. Тіпті неше дүркін сынақ өткізілген қауіпті аймаққа да кіруге бел байлағанбыз.

Балыққа бай Атомкөл

Таң қылаң бере Өскеменнен Атомкөлге бет түзедік. Жүргі­зушіміз Юрий Павлович полигон даласын бес саусағындай біледі екен. Кезінде әскери техникаларды көшірісіп, полигон даласында жұмыс істепті. Сыр суыртпақтап, сұрақ қойып едім, жарытып ештеңе айтпады. Ядролық жарылыстан пайда болған Атомкөл Семейден 100 шақырымдай жерде, Шаған өзенінің бойында.

Ізімізді шаңға көмдіріп, дала жо­лымен зулап келеміз. Әр-әр жерде шашылған қоқыс. Кешегі сынақ полигоны, бүгінде тұрмыс­тық қалдықтардың алаңына ай­нал­ғандай. Жүргізуші межелі жерге таядық дегендей иек қақты. Төңіректі көзбен шолдық. Тайын­шадай тастар шашылып жатыр. Жарылыстың жойқын болғанын осыдан-ақ көруге болады. Шұба­тылған сүрлеумен қыратқа шық­қанда, дөп-дөңгелек көлді көрдік. Циркульмен сызғандай. Іздеп келген Атомкөліміз – осы. Жарылысы Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан тоғыз есе қуатты болғанын білген соң, қойын-қонышымызды қымтап, көліктен түссек, жағалауы толған балықшы. Қона жатыр. «Сазанның мекені осында» деседі балтырдан су кешіп, қармақ салып жүргендер.

– Балығын жейсіздер ме? – деймін ғой көлден көз алмай тұрған ақсақалға.

– Жеу үшін аулаймыз ғой, – деді мойын бұрмастан.

– Улы емес пе?

– Улы болса, жетпіске келем бе? – деп мырс етті.

Көлдің пайда болу тарихына үңілсеңіз, балығын ауламақ түгіл, маңын басқыңыз келмесі анық.

1965 жылдың қысында Шаған өзенінің бойындағы дүмпу Се­мей даласын дүр сілкіндірген. «Ба­ла­пан» алаңындағы 200 метр тереңдікке салынған жарылғыш зат тонналық тастарды сегіз шақы­рымға дейін лақтырған. Куәгер­лердің айтуынша, көкке көтерілген шаң-тозаң бірнеше күнге дейін Семейдің аспанынан сейілмеген. Халық у жұтып жатқан кезде кеңес өкіметі «Қазақстанның шөлейт даласында жасанды көл жасадық» деп жаңалық ашып, жаһанға жар салған-ды. Жарылыс орнында диаметрі 500 метр, тереңдігі 80-100 метр қазаншұңқыр пайда болған. Жоғары температураның әсерінен шұңқырдың түбіндегі тастар еріп, шыныдай жылтырап қалған. Кейін Шаған, Ащысу өзендерінен су тартып, көл жасаған. Радиация тұн­ған жерде жұмысшылар Шаған­нан шұңқырға дейін канал қазған. Техникалардың кабинасы қор­ғасын пластиналармен қаптал­ғаны­мен, жұмысшыларды зиян­ды сәулелерден қорғамаған. Сон­­да жұмыс істеген 300-дей жұмыс­­шының отызы ғана аман қалыпты.

Кеңестік ғалымдар осылайша Қазақ­стан жерінде қырыққа жуық шұңқыр жасауды көздеген. Ондағы ойлары Азияның қуаңшылық аймағында су резервуарларын салып, қар суын жинақтау еді. Шұңқыр түбіндегі еріген тастар жиналған судың сіңіп кетуіне жол бермейді деп топшылаған. Сөйтіп көлге мал суаруға болады деген пікірге келген. Жоба сәтсіз болғанымен, ғалымдар жұ­мыс­тарын жалғастыра берді. Көл­ге балық, жәндіктер жіберді. Түбіне су өсімдіктері мен бал­дыр­­лардың тұқымы шашылды. Олардың 90 пайызы қыры­лып қалса, тірілері мутацияға ұшы­­рап­ты-мыс. Сондықтан да шығар, ха­лықаралық экологиялық тазалықты бақылаушы «Гринпис» ұйымы бұл жарылысты адамзатқа қарсы жасалған ең сорақы қылмыс деп баға берген.

Біз отырған уақытта әлгі ақса­қал он шақты сазан суырды. Ба­лықтың пошымынан өзгеріс бай­қамадық. Кәдімгі сазан. Білуі­мізше, радиация болған күннің өзінде етке емес, сүйекке сіңеді екен. Көл айналасындағы алаңсыз елді көргендіктен бе, бойдағы қор­қыныш сейілген. Мынау шыжыған ыстықта көлге қойып кетсек пе деген де ой жылт етті...

Шаған – картаға түспеген қала

«Жүрегіміздің бір бөлшегі осында мәңгілікке қалды. 1954-1994 ж.ж». Шаған қалашығының кіре­берісіндегі тас тақтадағы жазу – бұл. Мұнда тоқсаныншы жыл­дарға дейін қайнаған тірші­лік болған. Семей ядролық сы­нақ полигонында қызмет еткен әске­ри­лердің, әскери ұшқыштардың қала­шығы-тұғын. Аса құпия жер бол­ғандықтан, картада да көрсе­тілмеген екен. Кейін Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев ядро­лық сынақтан бас тарту жөнін­дегі Жар­лыққа қол қойған соң Ша­ған­ның тұрғындары тайлы-тұяғымен Ресейге көшкен. Терезе­лері үңі­рейген көпқабатты үйлер мен кір­піштің үйінділері ғана қалған.

Иен қалған осы қалашыққа да ат басын бұрғанбыз. Қалаішілік жолдарға мың жыл өтсе де міз бақ­пайтындай етіп бетон плиткалар­дан төсепті. Қабат-қабат үйлері қаңырап тұр, тірі жан жоқ. Жұрттың бергі басындағы жер үйлердің ауласынан ғана тіршіліктің бел­гісі байқалады. Орталық көше­сімен құлдилап келеміз. Айна­ламыз бесқабатты сұп-сұр ғима­рат­тар. Халық қалмаған соң кенттегі темір-терсектерін, қолға ілін­ген кірпіш-бетондарын түк қал­дырмай тонапты. Жер астына кө­мілген құбырларға дейін қопа­рып әкетіскен. Иесіз қалған соң қойсын ба?! Бейне бір Украинаның Припеть қаласында жүргендейміз. Кезінде 10-11 мың тұрғыны болған бұл қалада бұрын балабақша, мек­теп, емхана, мәдениет үйі сияқ­ты әлеуметтік нысандардың барлығы болған. 1954 жылдары қалашықтың ірге­сіне әскери ауыр ұшақтар қонатын екі жо­лақты аэродромға дейін сал­ған. Тұрғындардың дені сонда қызмет етіпті. Қазір мұнда аяқ ба­сатындар сирек. Бұрынғы шаған­дықтар болмаса, жер­гі­лікті ел мойын бұр­майды. Кенттің кіребе­рісіндегі тақтайшаны да өмірінің жартысы Шағанда өткен тұрғындар ор­нат­қан.

Біз жол-жөнекей көргенімізді ғана баяндап отырмыз. Әйтпесе, қаланың тарихын түгендеп, турист тартуға болатындай жер екен. Оның үстіне Семейден де қашық емес, жолдың бойында. 

Алғашқы сынақ алаңы

Семей ядролық сынақ полигоны туралы негізгі деректер Кур­­чатовтағы ҰЯО-ның музейінде топ­тас­тырылған. Жылы шырай­мен қарсы алған ғылыми-тех­ника­лық ақпарат бөлімінің басшы­сы Ажаргүл Ертісбайқызы музейдегі жәді­герлер жө­нінде тарқатып айтып берді. Ай­туынша, полигон жа­былған соң пай­даланылған құрал-жабдықтар ҰЯО-ның музейіне тап­сы­рылған. Қырық жыл қазақ даласына қасі­рет тартқызған құрылғылар бү­гінде экспонат болып тұр. Рас-ау, мұндайды музейден ғана кө­ре­йікші. Әйтпесе, төрдегі қоңыр ас­паптың түймесін басқан сайын у жұтпап па едік?! Анау шыны құ­ты­ның ішіндегі органдар – радиа­циялық жарылыстан өлген жан-жануарлардікі. Кей-кейде ға­лымның ісін залымның ісіне теңе­гің-ақ келетіні... Бәлкім біз түсін­бейтін шығармыз. «Ғалымдар жары­лыстың тірі организмге қалай әсер ететінін де бақылаған. Қан­ның миға құйылуын, жүректің жа­рылуын зерттеген. Мысалы, жүрек жарылыс толқынынан немесе қорқыныштан жарылуы мүм­кін. Ал мынау торайдың басы, деп формалин толы шыны ыдыс­ты нұсқады. Ыдыста шошқаның ба­сы қалқып жүр. Сөйтсек үш ай­лық торайдың терісі адамдікіне ұқсас болады екен. Сонда деймін, ғалымдардың білмек болғаны, радиация толқынының адам тері­сіне қалай әсер ететіндігі ғой. Дүмпу нәзік теріні қойып, гранит тастың өзін көбікке ай­налдырып жіберген. Көбік болып қатқан тасты да көрдік музейден.  

Ең алғашқы ядролық жарылыс бол­ған алаңға да ат басын тіре­дік. Радиа­циялық қауіпті аймақ бол­ғанымен, Ұлттық ядролық орта­лығы мамандары­ның рұқсатымен, ғылыми қызметкер Константин Томиловтің жол бастауымен Кур­чатовтан 90 шақырымдай жер­­дегі сынақ алаңынан бір-ақ шық­тық. Айналасы арнайы белгі­лермен қоршалған. Ойда сойди­ған бірнеше мұнара тұр. Өз тіл­дерінде «гусак» деседі. Бұларды не үшін тұрғызды десек, әр қабатына жарылыстың қуатын, радиация мөлшерін есептейтін құрылғылар ор­натыпты. Ал ғалымдар қашық­тағы командалық пунктте отырған.

1949 жылғы жарылыстың эпи­центріне жақындағанда арнайы киім киіп, бетті тұмшаладық. К.То­милов сөмкесінен дозиметрін алып шығып, жарылыс орнына қа­рай беттеді. Біз соңынан ердік. Қа­зандай шұңқырға таяғанда Конс­тантиннің қолындағы дозиметрі безілдей жөнелді. «Алты зиверт сағатына» деп кілт тоқтады. «Дәл осы жерде тұңғыш сынақ жасалып, 3 метрдей шұңқыр қалған», деді К.Томилов.

Сынақ алаңының ортасына орнатылған жап-жаңа ескерткіш те менмұндалайды. Желке тұсынан Қазақстан мен АҚШ-тың тулары желбірейді. Білуімізше, екі ел тәжірибе алаңын қауіпсіз күй­ге келтіру үшін ынтымақтаса жұ­мыс істесіп жатыр. Иә, қауіпсіз күй­ге түсірмесе аяқ астындағы топы­рақтар түйіршіктеліп қалған. Оны ғылыми тілде «харитончик» деседі екен. Неге олай десек, топырақты күйдіріп жіберген бомбаны ғалым Юрий Харитонов жасапты.

Бүгінде ҰЯО-ның ғалымдары полигондағы радиация деңгейін бақылаумен, қауіп деңгейін азайтумен шұғылданады. Сынақ алаңында жеміс-жидек өсіріп, оның құрамындағы радиа­цияны есептейді. Мың да бір шүкір, зұлматты жылдар артта қал­ды. Батпандап кірген аурудың мыс­қылдап шығатынын еске салсақ, сынақ даласының толық тазаруына әлі де көп жылдар керек шығар.

Семей – Курчатов