Алматы облысының көші-қон полициясының дерегінше, өткен жеті айда 332 шетелдік Қазақстан Республикасының азаматы ретінде танылып, жетісулық тұрғындардың қатарын толықтырған көрінеді.
Сондай-ақ дәл осынша адам басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдауына байланысты облыс аумағынан кетіп, Қазақстан Республикасының азаматы мәртебесінен айырылыпты. Яғни Жетісу тұрғындарының саны жыл басынан бері 332 жанға азайды.
Айтпақшы, құқық қорғаушылар тексеру барысында облыс аумағында тұрып жатқан қос азаматтығы бар 4 жеке тұлғаны анықтаған екен. Екі елдің төлқұжатын қатар қолданып жүргендердің бірі Ресей азаматы болса, біреуі Израиль тұрғыны және екеуі Түрік елінің азаматтары болып шыққан. Оларға еліміздің «Әкімшілік құқық бұзушылық» кодексінің 496-бабының 2-тармағы бойынша 408 380 теңге, 583 400 теңге және 291 700 теңге көлемінде айыппұл салынған.