ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов елдегі жұмыссыздық деңгейі жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жұмыссыздар санатына қазіргі уақытта еңбек келісімдері жоқ, жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдар жатады. Статистика бюросына жүргізілген талдау негізінде бүгінгі таңда Қазақстанда 451 мың жұмыссыз тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздық 2,6 мың адамға азайды», деп түсіндірді вице-министр.
Ержан Біржанов жұмыссыздар санатына жатқызудың екі тәртібі бар екенін атап өтті.
«Біріншісі - статистика органдарының сауалнамасына сәйкес іріктеу. Бұл халықаралық тәжірибе барлық елдерде қолданылады және Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған. Яғни, статистика органдары сауалнама жүргізіп, әр кезеңге сандарды шығарады. 4,9 көрсеткіші - бұл статистика органдарының деректері. Ведомстволық статистика да бар. Бұл біздің қызмет көрсету орталықтарына жұмыспен қамту орталықтарына келетін және тіркелетін тұлғалар. Бүгінде олардың саны 223 мың», деді Ержан Біржанов.
Жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелу үшін тек жеке куәлік қажет. Бүгінгі таңда онлайн режимінде де тіркелуді жүзеге асыруға болады.