Еңбек дағдыларын жетілдіру үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek Skills порталын іске қосты. Бұл туралы ведомствоның вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өткен жылы Еңбек министрлігі Coursera-мен бірге тегін курстарға қол жеткізді. Қазақстандықтар бес ай бойы әлемдік алыптар ұсынған курстарын оқуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде бес мыңнан астам адам оқудан өтіп, сертификаттарын алған.
«Осы платформаның мысалында «Enbek Skills» деген платформа іске қосылды. Бүгінгі таңда 100-ден астам автор өздерінің оқу курстарын сайтқа орналастырды. Курстарды онлайн режимінде өтуге болады. Курсты аяқтағаннан кейін тыңдаушы дағдыларды игеру туралы сертификат алады. Бұл деректер автоматты түрде олардың түйіндемелерінде тіркеледі. Егер жұмыс беруші операторды немесе аналитикті іздейтін болса, біз бірден тиісті дағдыларға ие мамандарды ұсына аламыз. Оның үстіне, электронды еңбек биржасында жасанды интеллект құралдары енгізілуде», деп түсіндірді Еңбек вице-министрі.
Ведомство жыл соңына дейін кем дегенде 5 мың адамды оқытуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мың адам курстардан өтіп үлгерді.