Елорданың оқу орындары күрделі эпидемиологиялық жағдай жағдайында дәстүрлі форматқа оралуға толық дайын. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдары жаңа санитарлық ережелерге сәйкес жұмыс істейтін болады. Қала мектептерінің оқушылары мен мұғалімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылданды.
«Бүгінгі таңда мұғалімдердің 99,7%-дан астамы және техникалық қызметкерлердің 98,9%-ы егілді. Барлық білім беру ұйымдары Ashyq жүйесіне 100% қосылған. Білім беру ұйымдары санитарлық талаптарға сәйкес дезинфекциялық құралдармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген», деді әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай.
Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиева оқу орындарындағы дезинфекциялық іс-шаралар туралы айтты.
«Қаланың білім беру ұйымдарында дезинфекциялық іс-шаралар, ылғалды тазалау, үй-жайларды желдету және кварцтау, термометр, күнделікті әлеуметтік қашықтық, мектеп мұғалімдері мен техникалық қызметкерлерді вакцинациялау, ауысымдық оқу процесін ұйымдастыру, асхананың, медициналық кабинеттердің жұмыс режимі және бетперде режимін сақтау жүргізіледі. Барлық мектептер санитарлық талаптарға сәйкес қажетті құралдармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген», деп нақтылады Жанна Пірәлиева.
Жаңа оқу жылында оқушылар саны 205 мыңға өседі деген болжам бар. Бірінші сыныпқа 24 мың оқушы қабылданады. Мектепке дейінгі ұйымдар күндізгі режимге көшеді.
Шәкәрім Сейсенбай мұғалімдер мен ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баса айтты.
Айта кетсек, елордада 100-ге жуық егу пункті жұмыс істейді. Нұр-Сұлтанда КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін 400 мыңға жуық адам алды, 325 мыңға жуық азамат толық иммундаудан өтті.