• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Тамыз, 2021

Сұранысқа ие бағдарлама

636 рет
көрсетілді

2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие жоба саналады. Бағдарлама бизнеске қаржылай әрі қаржылай емес қолдау көрсетіп келеді.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов атап өткендей, бағдарлама кәсіпкер­лер­дің несиелеріне кепілдік береді, пайыздық мөлшерлемелерді суб­си­диялайды, мемлекеттік грант­тар үлестіреді, сондай-ақ биз­нес жобаларға инженерлік инфра­құ­ры­лымды жеткізеді. Бағдарлама ая­сындағы жеңілдетілген несие жыл­дық 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға беріледі. 7 млрд теңгеге дейін несие алуға болады. Салалық шек­теу жоқ.

2019 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында басым жобаларға несие беру тетігі енгізілді. Көпшілік үшін бұл тетік «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы ре­тін­де белгілі. Бағдарлама халық тұтынатын тауарларды қолдауға ба­ғытталған. Яғни жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын еселеуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге және халықтың оған деген қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге 6 па­йыз­дық мөлшерлеме бойынша жеңіл­де­тілген несие ұсынылады. Сомасы шектелмейді. Ал субсидиялау мер­зі­мі – 10 жыл.

– Экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта бизнес кредиттерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылады. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Субсидиялау мерзімі 3 айға ұзар­тыл­ды. Бұл мақсатқа бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді, – деді Т.Жақсылықов.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие құралының бірі – микрокредиттеу. Былтыр «Биз­нес­тің жол картасы – 2025» бағ­дар­ламасы шеңберінде бизнесті микрокредиттеу жобасы басталды. Аталған бағыт бойынша 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Қарыз 6 пайыздық мөлшерлемемен кепіл­сіз үлестіріледі. Сондай-ақ инвес­ти­циялық мақсатқа 20 млн теңгеге дейін айналым қаражаты беріледі.

Осы жылдың 7 айында «Бизнес­­тің жол картасы – 2025» және «Қа­ра­пайым заттар экономика­сы» бағ­дарламалары аясында 801,2 млрд теңгеге 25,3 мың­нан астам жоба жеңілдікпен қаржы­лан­дырылды. Тарқатып айтар болсақ, қаңтар-шілде аралығында 603,7 млрд тең­ге­ге 14,4 мың жоба субси­дия­ланған. Бағдарламалар іске қосыл­ған­нан бері 45,3 мың жобаға 4,6 трлн теңге көлемінде субсидия берілген.

Сондай-ақ 11 мың жобаға 197,5 млрд теңге көлемінде кепілдік бе­ріл­ді. Бағдарламалар іске қо­сыл­ған­нан бері 638,2 млрд теңгеге 24,3 мың жоба кепілдендерілген. Бұдан бөлек, экономиканың зардап шеккен саласына жататын 467 жоба 50 млрд теңгеге субсидияланған. 62 млрд теңгеге 10 мыңнан астам микрокредит берілді.

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап 10,3 млрд теңгеге 4 155 мемлекеттік грант берілген. 162 млрд теңгеге жетіс­пей­тін инфрақұрылымды жеткі­зу бойынша 930 жоба іске асырылған.

Бағдарламалар жүзеге асы­рыл­ған сәттен бастап шағын және орта бизнес субъектілері 109 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрған. Олар 49 трлн теңгеге өнім шығарып, қызмет көрсетті. Тиісінше, бюджетке 3,1 трлн теңге салық төленген. Орта есеппен бюджеттен бөлінген 1 теңге субсидия 6 теңге көлеміндегі салық аударымымен қайтарылды.

– Мемлекеттік қолдаудың қар­­жылық және қаржылық емес ша­ра­­ларынан басқа, Үкімет бизнес жүктемесін азайтуға, сұраныс на­рық­тарына қолжетімділікті қам­та­масыз етуге, жаңа реттеушілік сая­сатты енгізуге бағытталған бір­қат­ар өзге де шараларды қабылдады. Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режімі пайдаланылатын шағын және микро кәсіпкерлік субъектілері табыс са­лы­ғынан босатылды. Осылайша, 1,2 млн шағын және микро бизнес субъектісі 382 млрд теңге үнемдеді. Сөйтіп, үнемделген қаржыны айналым қаражатын толықтыруға жұмсауға мүмкіндік берілді, – деді Т.Жақсылықов.

Сондай-ақ биылғы 1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3 пайыздық мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режімі енгізілді. Бұл жүктемені азайтады және салық­тар­ды есептеу мен төлеу тәр­ті­бін же­ңілдетеді. Шығыстардың күрделі есебін жүргізу талап етіл­мей­ді.

– 2021 жылғы 1 сәуірден бас­тап 2021 жылғы 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеу кейінге қалдырылды. Бұл шараны 925 мың жұмысшы мен 137 мыңға жуық бизнес субъектісі пайдаланды. Бұдан бөлек, осы жылғы 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығы бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне ұсы­нылған қорғау құралдарының құны жеке табыс салығынан босатылды. Келесі жылдан бастап биз­нес­ті жаңа негізгі қорларға қайта ин­вестициялауға пайдаланылатын табысқа корпоративтік табыс салы­ғы­нан босату жөніндегі шаралар көзделген, – деп нақтылады Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қо­рының басқарушы директоры Әлия Ағыбаеваның айтуынша, қор «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламары іске қосылғаннан бері 68,5 мың жобаға қолдау көрсеткен. Бұл дегеніміз – 5,3 трлн теңге. Атап айтқанда, 44 мың жобаның несие мөлшерлемесі субсидияланған – 4,5 трлн теңге. 747 млрд теңге көлемінде 24 500 жо­ба­ға кепілдік берілген.

– Биылғы 7 айда бағдар­ла­ма­лардың негізгі көрсеткіштері өткен жылдың сәйкес мерзімімен са­лыс­тырғанда айтарлықтай өсім бай­қа­­тып отыр. Атап айтқанда, екі бағ­дарлама аясындағы қолдауға ие болған бизнес нысандарының саны 10 есе өскен. Былтыр 7 айда шағын және орта бизнес саласында 2 300 жоба қолдауға ие бол­са, биыл аталған көрсеткіш 25 мыңға тең. Несиелер сомасы 246 млрд теңгеден 740 млрд теңгеге жетті. Яғни үш есе өсті. 14 мыңнан астам жобаның несие мөл­шер­лемесі субсидияланды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен са­лыс­тыр­ғанда 11 есе артық. Ал берілген несие көлемі 3 есеге өсіп, 542 млрд теңгені құрады. Субсидия алуға өтініш берген кәсіпкерлік салалары бойынша өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және сауда алдыңғы қатарда тұр. Кепілдік алған жобалар саны 10 900-ден асты. Былтырмен салыстырғанда көрсеткіш 11 есе өсті. Кепілдендірілген несиелердің жалпы сомасы 197 млрд теңгені құрады, – дейді Ә.Ағыбаева.