Екі жыл бұрын Арыста әскери қойма жарылғаны жадымызда. Енді, міне, Жамбыл облысындағы алапат жарылыстың салдарынан айдың-күннің аманында 13 бірдей азаматымыздан айырылып қалдық.
Апаттың зардабы қандай?
Ел аман, жұрт тынышта бүкіл елдің үрейін алған апаттар осымен тоқтай ма? Неге елімізде әскери қоймалар жарыла береді? Арыстағы апаттан сабақ алмаған құзырлы органдар не дейді? Жамбылдағы жарылыс қасақана жасалуы мүмкін бе? Жарылғыш зат сақталғанын біле тұра, ол жаққа неліктен әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілер жіберілді? Қайғылы оқиғадан қаза болған азаматтардың артында аңырап қалған ата-аналары мен отбасыларын не деп жұбатамыз? Көрер қызығы мен өмірі алда, тепсе темір үзетін жігіттердің ажалына кім жауапты?
Қайғыдан қан жұтып, көкірегі қарс айырылған қаралы қоғамның көкейіндегі сауалдар осындай...
Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімнің қоймасынан 26 тамыз күні кешкі сағат 18.45-те өрт шығып, көп ұзамай жарылған. Сағат 19.00 шамасында басталған жарылыс бір тәулік өткеннен кейін ғана тоқтады. Әскери бөлімде барлығы 10 шақты жарылыс болған.
28349 әскери бөлім Алматы-Тараз темір жолының бойындағы Ақшолақ ауылынан шыға берістегі жанар-жағар май құю бекетінің маңында орналасқан. Әскери бөлім темір жолдың оң жағында, шамамен 300 метр қашықтықта бес бірдей ауылдың – Байзақ, Жібек жолы, Жаңатұрмыс, Үшбұлақ және Ақшолақтың қақ ортасында тұр. Өрт ошағына жақын жерде 3 елді мекен орналасқан. Олар – Жібек жолы кенті, Үшбұлақ стансасы және Ботамойнақ ауылы. Бұл елді мекендердегі халықтың жалпы саны шамамен 1 мыңнан асады. Ал өрт қойма ғимаратын толық шарпып, жойқын жарылыстар басталған кезде жарықшақтардың ұшу радиусы 2 шақырымға дейін жеткен. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қоймада сақталған 500 тонна тротил жарылып, 700 шаршы метр аумақты өрт шарпығанын мәлімдеген еді. Ол тіпті Тараздағы жарылыстың күші Арыстағыдан жеті есе аз екенін де ашық айтқан болатын. Алайда...
Екі кештің ортасында болған жойқын жарылыстан қатты қорыққан ауыл тұрғындары құжаттарын алмастан, бала-шағаларын жетектеп, бассауғалап жан-жаққа қаша жөнелген. Көбі алғашында жақын маңдағы туысқандарының үйін паналаған. Ал ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли жарылыс болған күні 1200 тұрғынның уақытша мектеп пен колледж ғимараттарына орналастырылғанын, оның 80-нен астамы бала екенін, жарақат алғандардың арасында балдырғандардың жоқ екенін мәлімдеді.
Осыдан екі жыл бұрын Қорғаныс министрлігі Арыстағы оқ-дәрілерді ауылдан шалғай жерге апарамыз деп ресми мәлімдеме жасаған болатын. Алайда ондағы оқ-дәрілердің барлығы Байзақ ауданының ауылдарына жақын жердегі әскери бөлімге әкелінген. Қорғаныс министрлігінің сөзі мен ісі қабыспайтын тағы бір мәлімдемесі бар. Ол – министр Нұрлан Ермекбаевтың осы оқиғаға байланысты шұғыл өткізілген брифинг барысында «жарылған оқ-дәрінің барлығы инженерлік болғандықтан, алысқа ұшпайды» деген мәлімдесі еді. Министрліктің ресми мәлімдемесінде де «Инженерлік оқ-дәрілер қоймасының артиллериялық және реактивті оқ-дәрілер қоймасынан айырмашылығы – онда снарядтар сақталмайды. Өрт пен жарылыс кезінде олар қатты соққы толқынын, ауқымды жалын мен дыбыстық дүмпулер тудырады. Алайда сонымен бірге оқ-дәрілердің ірі бөлшектері, фрагменттері мен қалдықтары жан-жаққа ұшқан жоқ», деп хабарланған еді.
Бірақ жарылыс салдарынан бірнеше үйдің шатыры ұшып, әйнектері сынып кеткенін әлеуметтік желіні шарлап кеткен түрлі бейнежазбалардан анық көруге болады. Жамбыл облысында жарылыс болған аумақты әскерилер қоршап, жолдарды жауып тастағанымен, оқиға орнынан түрлі бейнежазба, фотолар әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тез тарап кетті. Апаттан ең көп зардап шеккен Қайнар ауылындағы үйлердің қабырғалары қақырап, төбелері опырылып ортасына түскен. Бизнес нысандары мен үйлердің қатты зақымданғанын тұрғындардың өздері де айтып, жан-жаққа таратып жатты. Жарылыстың жойқын күші маңайындағы қызмет көрсету кешендері мен жанар-жағар май бекетінің сау тамтығын қалдырмаған.
Осылайша Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан зардап шеккендердің жалпы саны бүгінде 100-ге жетті. Қорғаныс министрі қаза болғандар мен ауыр жарақат алғандардың арасында қарапайым ауыл тұрғындарының жоқ екенін айтқанымен, жарылыс кезінде бас-ми жарақатын алған елді мекеннің 28 тұрғыны ауруханаға жатқызылғаны белгілі болып отыр. Кейбірінің аяқ-қолдары сынып, бет әлпеттері мен денелері жарақаттанған болса, жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан екі адамның денесінің 50-60 пайызын күйік шалған. Ауыр жағдайдағы науқастарға көмек көрсету үшін Алматыдан арнайы реаниматолог мамандар жеткізілген.
Қастандық па, салғырттық па?
Жамбылдағы жарылыс қасақана жасалуы мүмкін бе? Өрт шыққан қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталғанын білген әскери сарапшылар «тротилді әдейі тұтатпаса, өздігінен жанбайды» дейді. Кеңес Одағы кезінен қалған әскери қоймалар жарылғыш заттарды ұзақ уақытқа сақтауға жарамайды. Ауған соғысының ардагерлері қайғылы жағдай кез келген уақытта қайталануы мүмкін дегенді де ашына айтып отыр. Себебі, «Кеңес Одағынан қалған әскери қоймалар жарылғыш заттарды сақтауға жарамсыз» дейді ауған ардагерлері. Ал әскери мамандар оқ-дәрі және жарылғыш зат сақтайтын әскери қоймалар ауыл-аймақтардан кем дегенде 100 шақырым қашықтықта орналасуы керек екенін айтады.
Соғыс алаңынан әкелінген қару-жарақ пен оқ-дәрілердің барлығы белгілі бір уақыттан кейін утилизациядан өтуі керек екенін Ауған соғысының ардагері, запастағы подполковник Талғат Хасенов те айтты. Жамбылдағы жарылыс туралы ой-пікірін бүкпесіз жеткізген ауған ардагері «жарамсыз дегендердің барлығының көзін жою қажет» дейді. «Кез келген оқ-дәрі мен қаруды сақтаудың жарамдылық мерзімі болады. Менің білуімше, олардың жарамдылық мерзімі 25 жыл. Осы уақыттан кейін әр оқтың, әрбір қарудың жарамдылық мерзімі аяқталады. Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарамауымыз қажет. Өйткені әскери оқ-дәрі – баланың ойыншығы емес. Тіпті оны алып жүру, сақтау және жою кезінде заңда белгіленген белгілі бір ережелерді қатаң сақтау қажет. Кез келген әскери базада қоймада сақталатын оқ-дәрі мен қару-жараққа жауапты адамдар болады. Әскери қойма тікелей кімге бекітілген? Онда сақталып тұрған оқ-дәріге кімдер есеп жүргізеді? Осы сұрақтардың барлығының нақты, әскери жауабы бар», деп ашына сөйлеген ол «еліміздегі әскери бөлімдерде болып жатқан қайғылы оқиғалардың бәріне – жайбарақаттығымыз, жауапты тұлғалардың жауапсыздығы кінәлі» екенін де жасырып қалмады. Запастағы полковник сөз арасында оқ-дәрілер мен қару-жарақтар сақталатын әскери қоймаларға ұдайы, тоқсан сайын кешенді тексеру жүргізілуі қажет екенін де еске салып: «Осы қажет пен керектің барлығы жасалды ма? Міне, бар мәселе осыдан туындайды», деген ойын ақтарып салды.
«Мұндай әскери қару-жарақ қоймалары әрбір мемлекетте бар. Ең алдымен біз әскери қоймалардың – стратегиялық маңызы бар нысан екенін ескеруіміз қажет. Оған екінің бірі емін-еркін кіріп-шыға алмайды. Бұл – бір жағынан қару-жарақ пен оқ-дәрілердің стратегиялық қоры. Қазақстандағы әскери қоймалардың басым бөлігі ескірген, олардың дені өткен ғасырдың 60-70-жылдары салынған. Ал онда сақталатын оқ-дәрілердің көбі – Кеңес Одағы тарағаннан кейін қалған «қалдықтар». Оның ішінде Ауғанстан жерінен әкелінгендері де бар», деді Талғат Хасенов.
Ауған соғысының ардагері: «Әскери бөлімде әрбір іс-әрекет пен әр адамға жауапты, бекітілген тұлғалар болады. Олар қатардағы азаматтық тұлғалар емес қой?! Мәселен, қарапайым ауыл тұрғынын әскери қоймаға кіргізбейді. Оған заң бойынша, әскери тәртіп бойынша рұқсат жоқ. Демек, бұл қайғылы жағдайға жауапты тұлғалар, бекітілген әскерилер жауап береді деген сөз. Яғни тікелей құзыретті, Қорғаныс министрлігіндегі лауазымды адамдар жауап беруге тиіс», дей келіп, өткеннен сабақ ала алмаған салғырттығымызды сынап өтті.
«Арыстағы апаттан кейін біз, әсіресе, әскери қызметшілер, етек-жеңімізді жинап, сол қаралы оқиғадан қатаң сабақ алуымыз керек еді. Өкінішке қарай, осыдан екі жыл бұрынғы әскери бөлімде болған дүрбелең ешкімнің басына тимеген сияқты. Жамбылдағы жарылыста өзекті өртейтіні – ел аман, жұрт тынышта әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілердің ажал құшқаны. Сап-сау, аман-есен жүрген азаматтардың мерт болуы жүректі ауыртады. Олар өлімге бара жатырмыз деп ойлаған жоқ. Бар-жоғы өртті сөндіреміз, міндетімізді атқарамыз деп апат ошағына жақын барды емес пе?! Қоймада бәленбай мың оқ-дәрі жатқанын біле тұра, ТЖМ өрт сөндірушілері мен әскери прокурор бастаған арнайы тексеру тобын неге ол жерге жақын жіберген? Осы сұрақ мені әскери адам ретінде қатты мазалайды. Төтеншеліктердің алапат өрт кезінде әуеден сөндіретін арнайы құрылғылары неге жұмылдырылмаған? Неліктен жап-жас жігіттердің бастарын қатерге тікті? Бұл былай қарағанда адамды ажалға айдаумен тең емес пе?
«Әскери қоймада жарылыс болғанда оншақты жігіт бірден ажал құшқан. Талай адам ауыр жарақат алды. Осының бәріне кім жауап беруі керек? Бейбіт күнде тағы азалы күн жарияладық. Марқұм болғандарға билік пен құзырлы орган басшылары, жергілікті билік барлығы көңіл айтып, тиісті көмек көрсетіледі деп айтып жатыр. Мұның бәрі түсінікті, солай болуы керек те. Алайда қара жамылып қалған шаңырақтарға кім ардақты әкесін, аяулы бауырын, енді бірінің жалғыз ұлы мен арыстай азаматын қайтарып береді? Қаншама бала әкесіз жетім қалды? Екі кештің ортасында жұмысына шақыртып алған жарынан қапыда көз жазып қалам деп ойламаған жұбайларының көз жасы кімге? Осы қайғы-қасіреттің ауыртпалығын кімнен сұрауымыз керек?». Сұрақ көп, жауап жоқ. Тек өзек өртер өкініш, орны толмас қазалар бар... Ардагермен арадағы әңгімеміз осындай жанды тырнап түсер ауыр сұрақтармен аяқталды.
Он жыл бұрынғы ескерту неге ескерусіз қалды?
Жарылғыш заттар әуелі Ауғанстаннан Арысқа, Арыстағы алапат апаттан кейін қалғандары Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймаға жеткізілген. Нақтырақ айтсақ, Қорғаныс министрлігінің Арыс қаласындағы арсеналында КСРО әскерлері шығарылғаннан кейін Ауғанстаннан әкетілген миллиондаған оқ-дәрі мен снарядтар сақталған. Дәл осы миллиондаған оқ-дәрі орны толмас қайғы әкеледі деп генерал-майор Ержан Исақұлов 2009 жылы Мәжіліс депутаты болып тұрған кезінде ескерткен еді. Осы мәлімдемеден кейін Арыста соңғы он жылдың ішінде 4 рет әскери қойма жарылып, соның салдарынан 10 адам қайтыс болған.
Айта кетейік, әскери бөлімдердегі жарылыс елімізде Арыс оқиғасы кезінде алғаш рет тіркелген жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында осымен сегізінші рет оқ-дәрі сақтайтын әскери бөлімдерден өрт шығып, қоймалар жарылып отыр. 2009 жылы Алматы облысындағы Қараойда да дәл осындай қайғылы жағдай тіркелді. Ол кезде апаттан бір адам мерт болса, 2013 жылы Отардағы апаттан жеті адам жарақаттанып, төртеуі сол жерде тіл тартпай кеткен еді.
Ал елімізде әскери қоймадағы алғашқы жарылыс 2001 жылы Балқаш қаласы маңындағы Тоқырау елді мекенінде болған. Қаладан 48 шақырым жерде орналасқан әскери қойма ол кезде бір апта бойы, соңғы жарылғыш зат тұтанғанша жалғасып еді. Осы апаттың соңы сиырқұйымшақтанып, нақты себебі мен салдары сол күйі айтылмай кеткен-тін. Алайда Тоқыраудағы оқиғаның ауыр салдары араға төрт жыл салып ауыр қазамен қайта «жаңғырды». Естеріңізде болса, 2005 жылы 5 ақпанда Балқаш қаласында әр жерде шашылып жатқан снарядтарды теріп алып, темір-терсек өткізетін жерге апарып, кәдеге жаратамыз деген бес адам ажал құшты. Балқаш көлінің жағалауында орналасқан металл қабылдау пунктінде артиллериялық снарядтарды дәнекерлеуші құралмен кеспек болған кезде жарылыс болып, салдарынан сол жерде болған 17 және 43 жас аралығындағы бес адамның сау тамтығы қалмады. Осы қаралы оқиға бойынша арнайы құрылған комиссия құрамында Қорғаныс министрлігі мен Қапшағай қаласынан арнайы келген саперлер тобы жұмыс істеді. Әскерилер снарядтарды кесу кезінде қолданылатын газ баллоны жарылуы мүмкін десе, жергілікті мамандар жауынгерлік снарядтың өзі жарылғанына сенімді еді.
Сарапшылар Арыстағы жарылғыш зат түгел тұтанса, Жамбыл облысына дейін жететінін осыдан екі жыл бұрын апат болғанда ескерткен еді. Алайда Қорғаныс министрлігі мен сол өңірдегі әскери бөлім басшыларына Арыстағы апат сабақ болмаған сыңайлы. Себебі, сол жағдайдан кейін арнайы тексеріс жүргізілді. Бірақ бұл тексерістің өзі шала-шарпы жүргізілгенін Жамбылдағы жарылыс көрсетіп отыр.
Сарыкемер оқ-дәрінің үстінде отыр ма?
Жамбылдағы қаралы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпарат қаптап кетті. Соның бірі – Aibat жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұлдың жарылыс болған әскери қоймаға жақын орналасқан Сарыкемер ауылынан таратқан бейнежазбасы. Одан Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылындағы мейрамхананың ауласында шашылып, тау болып үйіліп жатқан снарядқа ұқсас темір заттарды көруге болады. Снарядқа ұқсас темір зат мейрамхана ауласында қайдан пайда болды? Бұл «темірлер» кімге тиесілі? Қаупі қандай? Ел-жұртты алаңдатқан бейнежазба Aibat.кz-тің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды. Іле-шала осы ақпаратқа қатысты Жамбыл облысының Полиция департаменті ресми жауап берді. Оның хабарлауынша, бейнежазбада көрсетілген заттар туралы ақпараттың барлығы 2021 жылдың 1 маусымында Байзақ ауданының полиция бөлiмiнде тiркелген екен. Сондай-ақ полиция және аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерi, арнайы мамандардың қатысуымен бұл жерлерге тексеру жұмыстары жүргізілген. «Тексеріс нәтижесiнде бұл снарядқа ұқсас заттардың қалдықтары атуға немесе жарақат келтіруге жарамсыз екендігі және олардың Арыс қаласынан жоюға әкелінгені анықталған» дейді олар. Сөздеріне қарағанда, ауылдың қақ ортасында үйіліп жатқан снарядтардың еш қауіпсіз екенін тиісті құжаттар толығымен растап беретін көрінеді. «Бұл дерекке қатысты қылмыс құрамы анықталмаған. Аталған қалдық заттардың қоғамға ешқандай қаупі жоқ екендігін xабарлаймыз» делінген ресми ақпаратта. Бейнежазбаны көрген Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Ерғали Тілеубеков ондағы жайрап жатқан қарулардың нағыз артиллериялық снаряд екенін айтады. «Менің байқауымша, бейнежазбадағы қарулар – 122 немесе 152 мм гаубица снарядтары. Гаубицада гильзасы оқ-дәрісімен, ал снаряды толтырылған тротилмен бөлек болады. Снарядтың басындағы жарылғыш құрылғыны бұрап алып тастауға болады, ал тротил қатты ысыса, жарылуы әбден мүмкін», деген ол мұндай қауіпті заттарды дереу алып кетпесе, тағы бір апаттың болуы мүмкін екенін ескертеді. «Снарядтарды тот басқан. Бұл қарудың дұрыс сақталмағанын аңғартады. Тот басқан қару өте қауіпті. Ашық аспан астында жатқан мұндай қару кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан тез арада көзін құрту керек. Мұндай оқ-дәрілер арнайы комиссияның шешімімен жарамсыз деп танылып, әскери сараптама қорытындысымен есептен шығарылады. Оның өзінде әскери жасақ арнайы дайындалған жерде қатаң бақылауда жоюы шарт. Екінші немесе үшінші қолға беруге қатаң тыйым салынады. Негізі, бұл заттар арнайы зауыттарда тікелей мамандардың қатысуымен металл есебінде қайта балқытылуы керек. Мұндай қауіпті темірлерді ашық тасымалдауға, тіпті азаматтық ғимараттарда сақтамақ түгіл, жақындатуға болмайды» деген ол жарылғыш заттарға қатысы бар әскери шенеуніктердің снарядтарды таныс-тамырларына немесе арзан бағаға екінші бір адамдарға сатып жібергеніне де күмән келтірмейді.
Сарыкемерде шашылып жатқан снарядтардың бірі оқыстан жарылып, Балқаштағы қайғылы оқиғаның қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Отқа оранған он үш оғлан
Ең өкініштісі, алапат жалынды ауыздықтаймыз деп жүргенде атпалдай азаматтарымыздан айырылып қалдық. Жантүршігерлік жойқын жарылыста қаза болғандардың дені – келісімшартпен жұмыс істеген, әскери бөлімше, әскери күзет және әскери прокуратура қызметкерлері мен өрт сөндірушілер. ТЖМ-нің мәліметтері бойынша, жарылыс кезінде 50-ге жуық өрт сөндіруші түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақаттанған. Сондай-ақ қазіргі таңда тағы үш адамның жеке бас мағлұматтары анықталып, жоғалған үш адам іздестірілу үстінде.
Марқұмдардың ең жасы 29-да болса, алды алпысты алқымдап қалған. Өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқан әскери қызметшілер жарылыс болған кезде ауыр жарақат алып, жойқын күштен бірнеше метр жерге ұшып кеткен. «Ішінде алапат жарылыс жасайтын қару мен оқ-дәрілер барын біле тұра, әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілер апат ошағына неге тым жақын барған?» деген сұрағымызға әскери журналист Сәдуақас Жұбатов: «Әскери адам қатерге барады, елі үшін оққа да, отқа да кіреді. Әскери бұйрық деген бар... », деп жауап берді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі әскери бөлімдегі жарылыс кезінде көз жұмған Оңтүстік өңірінің әскери прокуроры Арман Қапезовпен бірге тағы алты прокуратура қызметкері болғанын хабарлады. «2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Қайнар ауылының маңындағы әскери бөлімнен өрт шыққаны туралы ақпарат алып, жеті адамнан тұратын прокурорлар тобы мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру және тұрғындарға қауіптілік деңгейін анықтау мақсатымен оқиға орнына барған. Оқиға орнында болған сәтте оқ-дәрілер жарылған, салдарынан Байзақ ауданы және Оңтүстік өңір әскери прокуратурасының алты қызметкері түрлі дене жарақатын алды, біреуі қайтыс болды», делінген хабарламада. «Қызметтік борышын орындау кезінде өз өмірін қатерге тіге отырып, әріптестеріміз ерлік пен батылдық танытты және антқа адал офицердің үлгісін көрсетті», деп мәлімдеді ведомство. Прокуратура органдарында 20 жылдан астам жұмыс істеген марқұм Арман Қапезовтің артында төрт баласы қалды. Ал 27 тамыз оның туған күні еді...
Өрт орнына алғаш болып барғандардың бірі – өрт сөндіру қызметінің полковнигі Мейіржан Айманов еді. Бес бала әкесіз қалды...
Күні кеше Ерназар ауылының тұрғындары Тәңірберген Төребековті ақтық сапарға шығарып салды. Тараздағы жарылыста қаза тапқан өрт сөндіруші қырыққа енді ғана толған. Артында аяғы ауыр келіншегі мен 3 баласы қалды...
Елдос Сандыбаев – әскери қоймадағы өртті өмірімен өшірген азаматтың бірі. Өрт сөндірушінің денесі 27 тамыз күні таңертең табылған. Марқұмның артында төрт жасар қызы, екі жасар ұлы қалды...
Ал қыршыннан қиылған Әділет Әлдибеков бір үйдің жалғыз баласы еді...
Қаралы тізімде отқа оранған он үш азаматтың аты-жөні бар.
ТҮЙІН. Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты елімізде Жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Бұл – тәуелсіздік тарихында жарияланып отырған оныншы аза тұту. Бейбіт заманда қара жамылып, қайғы шеккен халықта бір ғана сұрақ бар. Арыстағы қасіреттен неге сабақ алмадық? Жамбылдағы жарылыс – әскери саладағы жемқорлық пен жауапсыздықтың жарылысы емес пе?