• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Тамыз, 2021

Үкіметтік комиссия – апат орнында

132 рет
көрсетілді

Бейсенбі күні кешке Жамбыл облысында болған жарылыс жергілікті жұртшылық үшін төбесінен жай түскендей болғаны рас. Еліміздің Қорғаныс министрлігінің Байзақ ауданы, Қайнар ауылында орналасқан 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасы жанды. Аталған ауылда 250 тұрғын бар. Жарылыс болған сәтте-ақ жергілікті тұрғындар эвакуацияланды.

Әуелі дабыл белгісі бойынша облыстық Полиция депар­таментінің 300 адамнан тұратын жеке құрамы мен 5513 әскери бөлі­мінің 520 адамдық жеке құра­мы жұмысқа кірісті. Сол күні оқиға орнына 30 топтан тұратын жедел жәрдем бригадасының және облыс­тық төтенше жағдайлар де­пар­таментінің қызметкерлері жіберіл­ді. Сонымен қатар бейсен­бі күні апат болған жерге баратын барлық жол мен темір жол уақыт­ша жабылып, жақын маңда орналасқан Базарбай, Үш-Бұлақ және Жаңатұрмыс ауылдарындағы тұрғындар да оқшауланды.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облы­сын­дағы оқыс оқиғаға шұғыл назар аударып, орын алған төтен­ше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемле­кеттік комиссия құруды, қаза болған азаматтардың отбасын әлеу­мет­тік қорғау және зардап шек­кен тұрғындарға көмек көр­сету үшін барлық қажетті шараны қабыл­дауды және төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды тапсыр­ған болатын.

Президент тапсырмасымен құрылған Байзақ ауданын­дағы оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылыс салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комис­сия Жамбыл облысына арнайы келіп, оқиға орнына барды. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев және басқа да орталық мемлекеттік органдардың басшылары зардап шеккен нысандармен танысты. Өрт салдарын жою жөніндегі жұмыстардың барысын көріп, жараланған әскерилермен және өрт сөндірушілермен, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесті.

Роман Скляр жедел штаб отырысын өткізіп, жауапты тұлғалар­ға нақты тапсырмалар берді. Атал­ған комиссияның алдында болған өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылым­ды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау, медициналық көмек шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылды. Осы орайда, барлық зардап шеккендерге көмек көрсетілетіні, бірінші кезекте тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық нысандардың қалпына келтірілетіні айтылды.

Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қор­ғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке қатысып, Байзақ ауданында болған жарылыс зардаптарын жою, келтірілген шығындарды анықтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес біз жедел штаб құрдық. Оған барлық тиіс­ті органдардың өкілдері енді. Қор­ғаныс және Төтенше жағдай министрі, Ішкі істер министрінің орынбасарымен бірге тәулік бойы оқиға орнында жұмыс атқарып жатырмыз. Зардаптарды жою, келген шығындарды анықтау бойынша шаралар атқарылуда. Жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 елді мекен бар. Оның ең жақыны – 1 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылы. Қалған екеуі – 5 шақырым қашықтықта. Осы елді мекендердегі азаматтардың барлығы басқа жерлерге, яғни біз дайындаған 10 мектеп пен 5 колледждің жатақханаларына орналастырылды. Қазіргі таңда 227 адам сонда қалып отыр. Басым бөлігі өздерінің ағайын-туыс­тарына кетті. Болған жағдайды қалпына келтіру үшін 1000-нан астам адам, 120-ға жуық техника тартылды», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ оқиғаға орай, 30-дан аса жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілсе, жеңіл жарақат алған 60 адам үйлеріне қайтарылған. Қазіргі таңда №1 Тараз қалалық ауруханасында 28 адам ем алуда.

Өңірге келген Үкіметтік комиссия мүшелері жараланған азаматтармен де, эвакуацияланған тұр­ғындармен де кездесті. Комис­сия мүшелері науқастар үшін дәрі-дәрмек жөнінде ешқандай мәселе жоқ екенін жеткізді.

Өкінішке қарай, еліміздің Төтен­ше жағдайлар министр­лігінің мәлі­метінше, атал­ған министрліктің 50-ге жуық қыз­мет­кері түрлі дәрежеде дене жара­қатын алған. Жарылыстан жал­пы саны 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақаттанған. Жоғал­ғанда­р­ды іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Жамбыл облысы­ның әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданында болған жарылыс салдарынан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілердің отбасыларына барып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қара­лы үйлердің қайғыларына ортақ­тасып, көңіл айтты. Үкіметтік комиссия мүшелері марқұмдардың қыз­меттік міндеттерін атқару ке­зін­де ерлікпен қаза тапқанын ай­рықша атап өтіп, олардың отбасы­ларына мемлекет тарапынан тиісті барлық көмек көр­сетілетінін жеткізді.

Оқиға орын алған күні Жамбыл облысының аумағына кіруге және шығуға тыйым салын­ған болатын. «Алматы – Тараз» бағытындағы жолды облыстық жол полициясының 3 экипажы және «Тараз – Алматы» жолын 5 экипажы уақытша жа­уып тастаған еді. Алғашқы кезде №1 Тараз қалалық ауруханасына түрлі жарақатпен 32 адам түскен. Оқиға бойынша өңірдің төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері барынша жұмылдырылды. Белгілі болғанындай, кейіннен жарақат алғандар мен қайтыс болғандар­дың саны артқан. Бүгінде Жамбыл облысының әкім­дігі темір жол­дың барлығы тазар­тылған соң, қайта тексеріліп, шешім қабыл­данатынын мәлім­деді. Ал жалпы көліктерге байланыс­ты қазір айналма жол ұйым­дасты­рылған. Жалпы, өңірдегі жағдай тұрақ­ты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес төтенше оқиға салдарынан зардап шеккен барлық азаматқа көмек көрсетілетін болады. 

«Зардап шеккен азаматтардың арасында мүмкіндігі шектеу­лі және тағы да басқа азаматтар болса, заңға сәйкес көмек көрсетіледі. Зардап шеккен үйлер мен нысандарға келетін болсақ, мамандар 3 елді мекенді аралап шықты. Онда өртенген үйлер, басқа да нысандар тіркелмеген. Тек шатырлар, терезелер, есіктер зақымданған. Біз арнайы комиссия құрдық. Қазір олар зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық үйді, нысанды зерделейміз. Заңға сәйкес шешім қабылдайтын боламыз», дейді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы