Конституциямыз бірінші бабынан бастап негізгі қағидат – қарапайым адам құқықтарының басымдығы жарияланудан басталады: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
Яғни мемлекеттің ең қымбат құндылығы – адам. Демек мемлекет және мемлекеттік органдар қарапайым адамның құқықтары үшін жұмыс істеуі керек.
Осы қағидаттар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділ қоғам мен тиімді мемлекет» тұжырымдамаларында іске асырылуда. Олар демократия, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы туралы, идеологиялық және саяси саналуандық, барлығының заң мен сот алдындағы теңдігі туралы, әділ сот арқылы қорғалу құқығы, кез келген негіздер бойынша кемсітушілікке тыйым салу туралы, азаматтың мемлекетті басқарудағы құқығы, сайлау және сайлану құқығы туралы, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы конституциялық принциптер мен нормаларды айқын көрсетеді.
Билік пен азаматтық қоғамның тікелей диалогінің маңызды институты – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін (ҰҚСК) құру мемлекеттің демократиялық құндылықтарға, құқық үстемдігі және адам құқықтары қағидаттарына бағытталған прогрессивті қадам және маңызды оқиға болды. Нақ осы алаңда Мемлекет басшысы саяси реформалардың маңызды әрі қажетті пакеттерін атап өтті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамаларын іске асыру аясында 17 заң, Президенттің үш Жарлығы, министрліктердің 28 бұйрығы мен Үкімет қаулылары қысқа мерзім ішінде қабылданды. Осының барлығы прогрессивті демократиялық мемлекетті құруға және ең бастысы Конституция қағидаттары мен нормаларын іске асыруға бағытталған.
Осыған орай, республикалық заң консультанттары алқасының ұйымдастыруымен «Білікті заң көмегін алуға және сот арқылы қорғалу құқығына конституциялық қағидаттарды іске асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Республикалық алқа төрағасы, профессор, заң ғылымдарының кандидаты Серік Ақылбай Қазақстан халқы референдумда қолданыстағы Конституцияға дауыс беру арқылы өз таңдауын жасағанын атап өтті. Конституцияның философиясы оның кіріспесінде бейнеленген, онда біздің әлемдегі алға жылжуымыздың құндылық бағдарлары нақты көрсетілген: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз. Мұның терең мәні бар.
Мен, заң ғылымдарының докторы, профессор ретінде еліміздің Конституциясы адам құқықтары саласындағы барлық халықаралық стандартқа, адам құқықтары туралы Биллге, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге, Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияға сәйкес келеді деп көрсеткен болатынмын. Бұл Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының шешімдерінде айтылған. Бүгінгі күні адам құқықтары туралы конституциялық нормаларды іске асыру, заңдар мен заңға тәуелді актілердің Конституцияға сәйкес келуі, оған тиімді конституциялық бақылау жүзеге асырылуы үшін толыққанды және тиімді заң жобалау жұмысы маңызды болып саналады. Осы бағыттағы үлкен жұмыс әлі алда».
Қазақстан Заңгерлер одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Серік Беркамалов Конституцияның 13-бабы – «әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы және білікті заң көмегін алуға құқылы» деп атап өтті. Заң консультанттарының білікті заң көмегін көрсетуінің мемлекеттік, қоғамдық, құқықтық маңызы бар, себебі бұл жеке азаматтарға, ұйымдарға және басқа да субъектілерге қажет, сонымен қатар мемлекеттің өзіне де қажет. Ол сондай-ақ бірыңғай республикалық алқа және осы институт пен аталған құқықтық қатынастарды одан әрі дамыту туралы Конституциялық Кеңес шешімінің орындылығын атап көрсетті.
Нұр-Сұлтан қаласының заң консультанттары палатасының төрағасы Әнуарбек Сқақов заң көмегін қажет ететін адамдардың тобын кеңейту керек екеніне және Pro bono көмегі мұқтаждығына назар аударды. Сонымен қатар заңгерлерді іріктеуге қатаң талаптар қою қажет, өйткені әлемде заңгер элиталық және жауапты мамандықтардың бірі болып саналады.
Дөңгелек үстелде көтерілген мәселелерді талқылау елімізде жетіспейтін білікті заң көмегін жетілдіру қажеттігін көрсетті. Оған елімізге танымал заңгерлер, ғылыми қызметкерлер, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан барлық реформа – демократияландыру, қоғамдық қатынастарды ырықтандыру, азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру бағытында алға жылжу екенін атап өткеніміз жөн.
Марат БАШИМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор