• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Коронавирус 30 Тамыз, 2021

Сенімсіздіктің салдары

491 рет
көрсетілді

Пенде баласының маңдайына тимейінше, қауіп-қатердің көбіне атүсті қарайтыны рас. Тіпті қазірдің өзінде коронавирус инфекциясы деген індеттің барына күмәнмен қарайтындардың барлығына таңданбасқа амал жоқ...

Күні кешеге дейін сондай скеп­тиктің бірі – Қарағанды қаласында тұратын Марат Оспанов деген жас жігіт еді. Шоу бизнестің шаңын шы­ғарып жүрген ол таяуда ғана инфек­циялық госпитальдан шықты. Марат ыстығы көтеріліп, жөтеле бастағанда, оған онша мән бермепті. Суық тигізіп алдым деп ойлаған ол өз бетінше үйде жатып емделе берген. Содан, бір аптадан кейін демігіп, екі өкпесі ауа жетпей қысыла бастағанда ға­на амал жоқ жедел жәрдемнің көме­гі­не жүгінген. Сөйтсе, оның өкпесі 90%-ға қабынған болып шыққан. Науқас профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың инфекциялық госпиталінде 16 күн жансақтау бөлімінде жатты. Одан кейін бір аптадай палатада болып, ем алған екен.

– Егер дәрігерлер болмаса, аман қаларым екіталай еді. Мұны менің екінші туған күнім деуге болады, – дейді тәубесіне келген М.Оспанов.

Шоумен осы уақытқа дейін коронавирус инфекциясының бар екеніне күмәнмен қарап келгеніне қатты өкі­неді. Енді оған ұзақ уақыт оңалту емінен өтуге тура келеді. Қазір Марат вакцина салдырудың індетке тойтарыс беретін бірден-бір тосқауыл екенін айтудан жалықпайды. Мүмкіндік туған бетте өзі де екпе аламын дейді. Әзірге ол тыныс алу гимнастикасын зерттеп, сонымен өкпесін жаттықтырып жүр.

– Ауырып тұрғаннан кейін өміріме басқаша қарай бастадым. Мені танымайтын адамдар мен үшін қан тапсырды, әріптестерім қаржылай көмектесіп зыр жүгірді, ағайын-туыс күні-түні тілеуімді тіледі. Осындай көл-көсір пейіл жүрегімді елжіретті. Өмірімді сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға деген алғысым шексіз, – дейді ол.

Міне, жастар арасында өте танымал шоумен жігіт өзінің басынан өткен жайтты басқаларға сабақ болсыншы деген ниетпен облыстағы журналистер қауымына егжей-тегжейлі айтып берді. Мараттың бұл ісін біз де нағыз азаматтық қадам деп бағаладық. Қазір шоуменнің көпке айтар бір ғана тілегі бар: «Жұрт менің басымнан өткен қателікті қайталамаса және дәрігерлердің айтқанын екі еткізбесе екен». Сонымен бірге ол елді екпе алуға шақырады. Өзінің госпитальда жатқан кезде вакцина салдырған бірде-бір адамның ауырып түскенін көрмегенін айтады.

Соңғы күндері Қарағанды облысы бойынша коронавируспен ауыр­ғандар саны сәл де болса төмендеген. Мұны профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жұқпалы аурулар госпиталінде жұ­мыс істейтін дәрігерлер де растап отыр. Дегенмен олар босаңсуға әлі ерте екенін айтып, облыс тұр­ғын­дарын барлық шектеу нормаларын сақтауға және вакцина алуға ша­қы­рады.

Қазір Қарағандыда 200 мыңға жуық адам вакцина салдырған екен. Ал дәрігер мамандардың есебінше, 300 мыңнан астам адам вакциналанғанда ғана кеншілер астанасында ұжымдық иммунитет қалыптасады екен.

Осы орайда облыс орталығында еріктілер мен мемлекеттік орган­дардың қызметкерлерінен құралған насихат топтары коронавирус инфек­­циясына қарсы екпе алмаған адам­дарды жеке үгіттеуді бастады. Олар үйлер мен пәтерлерге барып, түсін­діру жұмыстарын жүргізеді. Зейнет­керлерге телефонмен хабарласып, вакциналау пунктіне баруды ұсынып жүр. Қала басшылығы бұл іс-шара­ның міндетті түрде нәтиже береріне сенімді.

 

ҚАРАҒАНДЫ