Кеншілер астанасындағы «Шалқыма» концерт залының ғимаратына белгілі музыкант, композитор, продюссер, гитарашы Болат Сыздықовқа мемориалды тақта орнатылды.
Өнер иесі 17 жасында дәл осы қарашаңырақта филармония әншісі ретінде еңбек жолын бастаған.
Болат Сыздықов Қарағанды қаласының тумасы. Кезінде ол республикалық «Гүлдер» ансамблінде, сондай-ақ «Арай» тобында өнер көрсеткен. Ал ол құрған «Мюзикола» дуэті еліміздің музыка кеңістігінде өте танымал болды. Тіпті музыкант пен оның жұбы Карина Абдуллинаның атын осы топ шығарды десе де болады.
Музыкантқа арналған ескерткіш-тақтаны суретші Владимир Проценко мен мүсінші Ринат Абенов жасаған.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев бұл оқиғаның кеншілер астанасының мәдени өміріндегі айтулы оқиға болғанын атап өтті. Мемориалдық тақтаның ашылуында сөз сөйлеген Ерлан Досмағамбетов досы туралы естелігімен бөлісіп, оның әндерінің адамды өмірдегі мақсатына жетуге үнемі құлшындырып отыратынын айтты.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Мұратұлы Сыздықов жүздеген әннің авторы. Олардың арасында композитордың туған қаласы Қарағандыға, кеншілерге арнаған тамаша туындылары да бар.
ҚАРАҒАНДЫ