• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Тамыз, 2021

БҰҰ Бас хатшысы: Семей полигонының жабылуы ядролық сынақтар дәуірінің аяқталуына жол ашты

331 рет
көрсетілді

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай Мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.

БҰҰ басшысы Қазақстандағы Семей сынақ полигонының, бұрынғы Кеңес Одағындағы ең ірі ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толағанын атап өтті.

«Полигонның жабылуы тоқтаусыз ядролық сынақтар дәуірінің аяқталуына жол ашты», деп жазылған мәлімдемеде.

БҰҰ Бас хатшысы ядролық сынақтар адамзат үшінүлкен қайғы-қасірет екенін және қоршаған ортаға зиян келтіргенін атап өтті.

«Сынақтар адамдардың денсаулығына ауыр зардап тигізді. Көбі атамекенінен қоныс аударуға мәжбүр болды, бұл олардың өмір салтын бұзып, өмір сүру құқығынан айырды. Таза қоршаған орта мен экожүйелер жойылды, оларды қалпына келтіру үшін ондаған жылдар, мүмкін ғасырлар қажет болады», деді Антониу Гутерриш.

БҰҰ басшысы сондай-ақ Семей полигоны жабылғаннан кейін үш онжылдықта ядролық сынақтарға қарсы норма біртіндеп қалыптасқанын, жан-жақты тыйым салу туралы шарт, ЯСЖТШ қабылданғанын атап өтті.

«ЯСЖТШ ядролық қару жарысын тоқтатады, жаңа ядролық қаруды әзірлеуге тыйым сала отырып, барлық ядролық қару сынағына тыйым салады», деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы өз мәлімдемесінде.

Ол Шарттың әлеуеті оның жалпыға бірдей мойындалуына қарамастан әлі толық көлемде іске асырылмағанына назар аударды және ЯСЖТШ-ны әлі ратификацияламаған мемлекеттерді шақырды.

8 қыркүйекте Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінің мақсаттарын ілгерілету үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы өтеді. Сонымен қатар, 7-10 қыркүйек аралығында БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Семей ядролық полигонының тарихы мен қайғылы мұрасы туралы сирек фотосуреттер мен деректі бейнекадрларды назарға ұсынады.

2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін жариялады. Бұл күннің мақсаты – ядролық сынақтардың құрбандарын еске салу және мұндай сынақтардың қоршаған орта мен халықаралық қауіпсіздікке төнетін қаупі туралы хабардарлықты арттыру.