• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2014

Атлантаны абаттандыруға арналды

331 рет
көрсетілді

ЭКСПО шежіресі: Атланта, 1895 жыл

«АҚШ ғасырының» басталғанын төрткүл дүниеге паш еткен Чикаго көрмесінен кейін екі жыл өткеннен соң, яғни 1895 жылы Атланта қаласында Америка құрлығындағы кезекті Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өткізілді. Бұл дүниежүзілік ауқымды шара АҚШ-тағы азаматтық соғыстың орталығына айналған Джорджия штатындағы ең үлкен зардап шеккен Атланта қаласын қалпына келтіріп, одан әрі гүлдендіруге арналды.

 

ЭКСПО шежіресі: Атланта, 1895 жыл

«АҚШ ғасырының» басталғанын төрткүл дүниеге паш еткен Чикаго көрмесінен кейін екі жыл өткеннен соң, яғни 1895 жылы Атланта қаласында Америка құрлығындағы кезекті Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өткізілді. Бұл дүниежүзілік ауқымды шара АҚШ-тағы азаматтық соғыстың орталығына айналған Джорджия штатындағы ең үлкен зардап шеккен Атланта қаласын қалпына келтіріп, одан әрі гүлдендіруге арналды.

1895 жылғы Атланта Бүкіл­әлем­дік жетістіктер көрмесі өткі­зіл­местен бұрын, оған дайындық ретінде 1881 және 1887 жылдары осы қалада Бірінші және Екін­ші жалпыамерикалық мақта көрмелері өткізілді. Атланта қаласы сол дәуірдегі құл иеленуші Оңтүстік АҚШ-тың орталығы болып табылатын. Сондықтан бұл өңірде құлдар еңбегін кеңінен пайдаланатын мақта өсіру өндірісі дәуірлеп тұрған еді. Сондықтан да 1895 жылғы Атлантада өткізілген көрме Мақта өсіруші штаттардың көрмесі және Халықаралық жетістіктер көрмесі деп аталды.

Атланта Бүкіләлемдік жетіс­тіктер көрмесі 100 күнге созылып, 1895 жылдың 18 қыркүйегінен 31 желтоқсанына дейін жалғасты. Бұл көрмені 800 мыңнан астам адам тамашалады. Келген қо­нақ­тардың арасында АҚШ тұр­ғындарымен қатар 13 шет мем­ле­кет­тің өкілдері болды. Сол кезде АҚШ-тың оңтүстігінде орын ал­ған экономикалық және қаржы қиындықтарына қарамастан, көрме өзінің алдына қойған мақсатын орындады. Азамат соғысы кезінде өрт шалып, үлкен күйзеліске ұшыраған Атланта қаласын өңірлік іскер орталыққа айналдыру мақсатында инвестиция тарту үшін көрменің ықпалы орасан зор болды.

Жалпы, ХІХ ғасырда өңірлер­де орын алған күрделі оқиғалардың салдарын жеңілдету, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жаңғырту мақсатында өте тиімді шара – әлемдік көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу ерекше дәстүрге айналған еді. Радио және телевизия дамымаған сол кезеңде әлемнің әр түкпірінде болып жат­қан техникалық жетістіктерді паш етіп, технологиялар алма­су­дың жалғыз ғана жолы осы бүкіл­әлем­дік көрмелер болатын. ХІХ ғасырдағы өнеркәсіп революция­сы, сол кезеңдегі адамзаттың романтикалық болашаққа, тех­никалық өркениетке ұмтылған алдыңғы қатарлы өкілдерінің ақыл-ойы осылай дүниеге бү­кіл­әлемдік жетістіктер көрмесі идеясын әкелді. Міне, содан бері өткен 160 жылдан астам уақыттан бері әлемнің дамыған мемлекеттері бүкіл дүние жүзіне қоғамдық маңызы бар салалардағы өздерінің қол жеткізген жетістіктерін паш етіп, басқалардың шыққан биігімен салыстырып, бағалауды дәстүрге айналдырып келеді.

Атланта АҚШ-тың оңтүс­ті­гіндегі Джорджия штатының орталығы ретінде 1861-1865 жыл­дардағы азамат соғысының барлық ауыртпалығын бас­тан кешірді. АҚШ тарихында зор ауыртпашылықтармен орын алған азамат соғысының қыз­ған кезінде, яғни 1864 жылы Атланта үшін ұлы шайқас бас­талды. Қалаға генерал Шерман бастаған солтүстікшілердің әскері басып кірді. Қаланы аямай тонап, қиратқаннан кейін генерал Шерман оны түбірімен өртеуге бұйрық берді. Бұл оқиғаны атақты «Жел айдағандар» («Унесенные ветром») романының кейіпкері былай суреттейді: «Конфедераттар әскері Атланта қаласына қайтып оралғанда әрбір жерден қара күлдің ортасында сорайып қалған пештің мұржаларын, өрт жалынынан қара күйеге айналған кірпіш үйінділерін, отқа оранып, көмірге айналған ағаш діңгектерін көрді. Осы алапат өрттен кейінгі күлге айналған қала көшелерінде күйік шалған өліктер теңкейіп жатты...». Міне, осындай күйзеліске ұшыраған Атланта қаласының жа­расын жазуға ұзақ уақыт керек болды. Бұл ретте қаланың одан әрі жаңғырып, жаңаруына дүр­кін-дүркін өткізілген өңірлік Мақта көрмелері мен 1895 жыл­ғы Бүкіләлемдік жетістіктер көрме­сі­нің әсері ерекше зор болды.

Атлантадағы Бүкіләлемдік көрмені өткізуге 2 миллион доллардан астам қаржы жұмсалды. АҚШ-тың оңтүстігіндегі 6 штаты осы көрмеде арнайы өз павильондарын салды. Бұл көрмеде өңірдегі көлік, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы және тау-кен өндірісі саласында қол жеткізілген жетістіктер кеңінен көрсетілді. Жалпы, көрмеде 6 мыңнан астам жәдігерлер келушілердің назарына ұсынылды. Көрмені тамашалауға келген қонақтардың көңілін аулау мақсатында көптеген ойын-сауық шаралары өткізілді. Көрермендердің ішіндегі батылдары «Феникс» атты биіктен тамашалау доңғалақтарына шықты. Осы көрмеге арнап тропикалық саябақ ұйымдастырылды. Қазір бұл саябақ Атланта қаласының атақты Ботаникалық саябағы аталады.

1895 жылы 18 қыркүйекте Бү­кіләлемдік жетістіктер көрмесінің ашылу салтанатында әскери оркестр өнер көрсетті. Салтанатқа жиналғандардың алдында сая­саткерлер мен бизнесмендер, қала басшылары сөз сөйледі. Жиналғандар алдында алғаш рет қара нәсілді ағартушы және америкалық негрлердің азаттық жолындағы күресі басшыларының бірі Букер Т.Вашингтон сөз сөй­леді. Ол айтқан жалынды сөздер тыңдаушыларды әртүрлі әсерлерге бөледі. Букер Т.Вашингтонның осы сөзі «Атланталық мәміле» деген атпен тарихта қалды. Букер Т.Вашингтон Америка тари­хын­да­ғы ақ нәсілділер алдында сөз сөйлеген алғашқы қара нәсілді адам ретінде де тарихқа енді. 1895 жылдың 26 желтоқсаны Негр­лер күні («негр» сөзі ол кезде­ кемсітушілік сөз болып саналмай­тын) деп жарияланды. Осы бір айтулы күнге америкалық атақты сазгер Джон Филллип Сауза өзінің атақты «Мақта королі» маршын шығарып, оны Джорджия штатының тұрғындарына арнады. АҚШ-тың негізгі мақта өсіру аймағы осы Джорджия штаты болатын ХVІІІ ғасырдан ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіне дейін мақта ауыл шаруашылығы өндірісінің ең басты дақылы болып саналды. Мақта өндірісінде негізінен құлдардың еңбегі пайдаланылды.

Атлантада өткен Бүкіләлемдік көрмеге қойылған жәдігерлерді атап өту үшін 1573 арнайы медаль тағайындалды, оның 634-і алтын медаль болатын. 1895 жылғы ЭКСПО Атланта қаласының одан әрі гүлденуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Көрме қалашығында салынған павильондардың көп­шілігі кейіннен бұзылды. Бірақ, көрме қалашығы қалалық парк ретінде күні бүгінге дейін сақталып қалған.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар