• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2014

Дүбірге толы дүние

200 рет
көрсетілді

Египетте өткен жаңа конституция жөніндегі референдум соңғы кезде араб дүниесіндегі ең үлкен де саяси күрестің от-жалынына оранған елдің өміріндегі бетбұрысты оқиға болғаны анық.

 

ХАЛЫҚ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ СИПАТТЫ ҚАЛАДЫ

Египетте өткен жаңа конституция жөніндегі референдум соңғы кезде араб дүниесіндегі ең үлкен де саяси күрестің от-жалынына оранған елдің өміріндегі бетбұрысты оқиға болғаны анық.

Сырт қарағанда, бұл референдумды мемлекеттік төңкеріс (Хусни Мүбәрактың тақтан тайдырылуы), оппозицияның билікке келуі («Мұсылман бауырлар» қозғалысының жеңісі, Мұхаммад Мурсидің президенттікке сайлануы) сияқты әлемді таңдандырған оқиғалармен салыстыруға келмей­­­тіндей көрінеді. Шын мәнінде, сол мемлекеттік төңкерістен кейін де, билікке исламистердің келуі­нен кейін де елдің алдағы бағыт-бағдары айқын емес болатын. Халық болашаққа дүмбілез көңілмен қарады, күмәнді дүние көп еді.

Ал мына референдумның орны бөлектеу. Бұдан жұрт бұрынғы күн сайынғы атыс-шабыс, үрең-сүреңнің орнына, ынтымаққа, тыныш қалыпты өмірге бетбұрысты көріп отыр, ондай жағдайды қалып­тастыру үшін оны бүкіл халық болып қолдау қажеттігін де жұрт тү­сінгендей. Оған халықтың 95 пайы­зының жаңа конституцияны жақ­­тап дауыс бергені де айқын дәлел.

Күні кеше осы халық бүгінде қамақта отырған Мурсиді сайлауға да, ол ұсынған конституцияны қолдауға да дауыс берген. Халық сол жаңа биліктен, оның бағытынан үміт күтті. Сол үміттен көргендері, жоғарыда айтқандай, атыс-шабыс, қырып-жою. Елдің 10-15% халқын құрайтын христиан копттарға қарсы зорлық-зомбылық, христиан шіркеулерін қирату тағылық әрекеттері исламистердің мұсылман қауымы алдында да зұлымдық бет-бейнесін көрсетіп, халықтың наразылығын туғызды.

Мұның ақыры әскерилердің исламистерді биліктен тайдыруына соқтырды. Бүгінгі референдум сол әскерилер әрекетінің жалғасы десек те болады. Солай дегенде, олардың болашақ бағыт-бағдарын аңғартатын, белгілі дәрежеде саяси негізін аңғартатын оқиға. Ал оны ха­лық, дауыс берушілер қолдап отыр.

Референдум нәтижесі әртүрлі пікір тудыруы мүмкін. Дауыс бергендердің 95 пайызы жаңа конс­титуцияны жақтап дауыс берді десек те, оған сайлаушылардың 50 пайыздайы ғана қатысқаны біреулерге аз көрінеді. Бірақ, ол аз емес. Күні кеше билікте болған «Мұсылман бауырлар» қозғалысы референдумға бойкот жариялады. Олардың ықпалындағы халықтың саны айтарлықтай. Бір үйдің отағасы исламист болса, бұл үй дауыс беруге бармайды деген сөз. Сондай-ақ, исламистер өздері қатыспағаны өз алдына, басқаларды қорқытып-үркітуге де барды. Бір жерлерде дауыс беру учаскелеріне шабуыл жасап, одан қаза тапқандар, жараланғандар да болды. Либералдар да әскерилер бастамашы болған шараға қатыс­пайтынын мәлімдеген.

Осындай жағдайда халықтың жартысынан астамы дауыс беруге қатысып, оның түгелге жуығы жаңа бағытты қолдағаны өте жоғары көрсеткіш. Жұрт қолдаған конституцияда мемлекеттің дінге қатысты сипаты нақты айтылмайды. Мурсидің конституциясында исламистік сипат айқын көрсетілсе, жаңа конституция­да зайырлық сипат аталмағанмен, бас құжаттың жалпы мазмұнынан оны аңғару қиын емес. Сірә, оны жасағандар, яғни жазғандар діннің орны айрықша елдің халқының кө­ңіл күйін де есепке алған болу керек.

Сөйтсе де, бұл конституция­ны ерекшелендіретін бір жай бар – онда әскерилердің орны, олар­дың құқы айрықша аталған. Бұл жай біраз жұртты шошытуы да ықтимал. Әсіресе, Батыс елдері, демократиялық ұстанымдағы елдер мұны қолдамасы анық. Тіпті, Египетті полицейлік мемлекет қатарына қосуы да мүмкін. Ал біраз адам елдің қазіргідей тұрақсыздық жағдайында әскери тәртіптің қажеттігін де алға тосады.

Референдум, оның нәтижесі елдегі жағдайдың оңға бет бұруына ықпал етеді деген үміт басым.

 

КҮШ КӨРСЕТІП ЖАҚСЫ АТАНА АЛМАЙСЫҢ

Түрік ағайындар тағы да шайқасып жатыр. Телеарналар елдің бас қаласы Ыстамбұлдағы халық пен полицияның қақтығысын қайта-қайта көрсетеді. Кім жеңеді дейтін емес, елде төбелес белең алғанының несі жақсы дейсің.

Кезекті қақтығысқа себеп – Интернетке цензура енгізу жөнін­дегі заңға қарсылық. Себеп дегеннен гөрі оны желеу десе болар. Билік халықтың көңіл-күйін есепке алғысы жоқ, бұл әрекетім оған жақпас-ау демейді, оның мұндай кеудемсоқтығына ашынған халық та қарсылықпен жауап береді. Екі жақ тайталасады. Одан не шықты? Бір-бірімен арасы алшақтайды. Басқа түк те емес.

Мұндай текетірес түрік қоғамына біраздан бері тән болып отыр. Жалпы сипатына қарасаң, 11 жылдан бері билік тізгінін ұстап келе жатқан Әділдік және даму партиясы (ӘДП) мен оның серкесі, елдің премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоғанның астамшылдық, белден басқандай әрекеттері көпшілік тарапынан қарсылық тудырып отырғанға ұқсайды. Осы он жылдан астам уақытта елдің айтарлықтай экономикалық табысқа жеткені де шындық. Биліктегілердің халық тарапынан белгілі дәрежеде қолдау тапқаны да рас. Бірақ, бұл әсте де биліктегілердің басқалардың, тіпті, көпшіліктің пікірімен санаспауына құқық бермейді. Бұрынғыдай емес, енді халық биліктің, үкіметтің орынсыз деген әрекеттеріне қарсылық білдіреді.

Бұрынғылары өз алдына, әсіресе, үкіметтің жемқорлыққа қарсы күреске шыққан елдің құқық қорғау орындары басшыларын қуғындауы ақылға сыймайтындай көрінеді. Сірә, мұндай жағдай басқа елдердің, ең алдымен, өркениетті елдердің өмірінде кездеспеген де шығар-ау. Жемқорлықпен күрес қай жерде болмасын ұлттық мүддеге сай келеді. Ел мүддесін қорғайтын үкімет оны қолдауға тиіс. Ал бұл елде керісінше болып отыр.

Рас, сол құқық қорғау мекемелері жемқорлыққа қарсы күресін өте құпия жүргізген, оны, тіпті, үкімет басшыларынан да жасырған. Оған сол үкімет басшылары мықтап «өкпелеуі» мүмкін-ау дегенмен, мұны қазір ақтауға болатыны, түсінуге болатыны аңғарылып отыр. Соны алдын ала үкімет білгенде, «Үлкен пара» дейтін сол айтулы шараны жүзеге асырмасы анық еді. Оған үкіметтің бүгінгі әрекеттері дәлел. Жақында ғана елдің бас прокуроры, оның бес орынбасары, 16 провинция полициясының басшылары қызметінен қуылды. Одан бұрынырақтағы қуылғандар өз алдына.

Билік пен халықтың қақтығысы алдағы уақытта да жалғасуы ықти­мал. Наурыз айында елде муни­ципалитеттік сайлау. Онда ӘДП біраз орнынан айырылуы мүмкін. Сарапшылар парламент сайлауы дәл қазір өтер болса, бұл партия жеңіліс табар еді дегенді айтады. Бірақ, сайлау келесі жылы өтеді. Биылғы тамызда – президенттік сайлау.

Бүгінге дейін президенттік сайлауға айрықша мән берілген еді. Дәл қазір ол бәсеңдеп қалды. Оның да сыры бар. Заң бойынша бұл елде премьерлікке қатарынан тек екі рет қана тағайындалады. Содан да Ердоған алда президенттік сайлауға түспек болған. Сол үшін де өзімен бірге бұл қызметке біраз билік өкілдігін ала кетпек оймен парламентте президентке жоғары өкілдік беруді мақұлдатпақ еді, оған парламентарийлер көнбей қойды. Бүгінгі қалыптасқан жағдайда Ердоғанның сол сайлауға түсе қалғанда, онда жеңіске жетуі де неғайбыл.

Күш көрсетіп, әсіресе, халыққа күш көрсетіп бедел жинай қой­майсың. Түрік елінде билік тізгінін ұстағандар соны ескермей отырған сыңайлы.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар