• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Тамыз, 2021

Елордада «Домалақ ана» операсы сахналанады

510 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Шымкент қалалық опера және балет театрының ұжымы 2-3 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласы «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театр сахнасында Т.Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсын көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығармашылық ұжымды сапарға шығарып салуға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және қалалық мәдениет басқармасының басшылары қатысты.

Шыңғыс Жұмабекұлы Шымкентте мәдениет саласына баса назар аударылып жатқанын айтты.

«Әлемге танымал Майра Мұхамедқызы қаламызға келген соң екі айдың ішінде «Домалақ ана» операсын сахналап шықты. Енді сол қойылыммен Елордаға аттанғалы отырсыздар. Жолдарыңыз болсын! Бұл сапар еліміздің Конституциясы күні мерекесімен қатар келіп отыр. Алдағы он жылдың ішінде Шымкенттің мәдениет саласының шоқтығы бұдан да биікке көтеріледі деп сенеміз. Себебі, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен қалада арнайы опера залы салынады деп жоспарланып отыр», деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызының айтуынша, пандемияға байланысты екі жылдан бергі алғашқы сапарға ұжым тыңғылықты дайындалған. Нұр-Сұлтан қаласына театрдың 170-ке жуық қызметкері аттанса, елордадан 50-ге жуық маман мен арнайы аспаптармен қосылып, «Домалақ ана» операсы нақышына келтіріп орындалмақ.

Идея авторы - ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, қойылымның композиторы ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық байқауладың лауреаты Тасқын Жармұқамет. Либреттосын жазған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Қоюшы-режиссер – Михаил Панджавидзе; Қоюшы-дирижер – Мәди Өмірзақов; Қоюшы-суретші – Бақыт Күзембаев.

Қазақ халқынның өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізілген. Жас қыз Нуриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейірге толы ғұмыры арқылы ана махаббатының қуаты өте кең әрі шынайы көрсетіліп, суреттеледі.

«Домалақ ана» операсы тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кең пейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғысып, қазақ елінің тарихи тереңдігін, мәдени көркемдігін кеңінен қамтиды.