• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Тамыз, 2021

Атырауға Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегерлері келді

2854 рет
көрсетілді

Атырау жұртшылығы Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегерлерін күтіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін, 31 тамызда Атырауға Токиодағы Паралимпиада ойындарында дзюдодан күміс жүлдені иеленген Әнуар Сариев, Дәулет Теміржан мен Зарина Байбатина ұшып келді.

«Паралимпиадаға алтын медаль алу үшін барған едім. Жеңіске жету үшін бапкерімнің кеңесін, өзімнің тәжірибемді толық пайдалануға тырыстым. Бірақ, сәл сәттілік жетіспеді. Енді Парижде Паралимпиадаға дайындықты бастаймын. Сол кезде еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатуға тырысамын», дейді Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері  Әнуар Сариев.

Парадзюдодан ел құрамасының бас бапкері Жандос Қияновтың айтуынша, барлық спортшының медаль алуға мүмкіндігі болған. Ал, Әнуар Сариев – әлемдік рейтингте алғашқы үштікке енген татами шебері.

«Сол себептен, бірінші айналымда Әнуардың қарсыласы болмады. Екінші кезеңде моңғол спортшысын жартылай жеңіспен ұтты. Сол кездесуде аздаған жарақат алды. Мұрны сынып, саусағын ауыртып алды. Соған қарамастан, келесі айналымда венесуэлалық Маркос Бланкомен күресіп, оны екі әдіспен жеңді. Ал, финалда әзербайжандық Вугар Ширинлимен кездесуде қателік жіберіп алды. Қарсыласы соны пайдаланып кетті», дейді Жандос Қиянов.