Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик US Open турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы «Үлкен дулыға» жарысының 31-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 134-орында тұрған германиялық Янник Ханфманмен өткізді. Бірінші партияда А.Бублик қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сеттің жетінші геймінде Бубликтің доп берудегі қателіктерінен кейін германиялық спортшы брейкпен алға шықты – 4:3. Бұл сетте сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Я.Ханфманн үшінші партияны брейкпен бастады – 2:0. Бұдан кейін өз геймін аса бір қиындықпен алған Бублик қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді – 2:2. Осы қарқыннан таймай, қатарынан алты геймге қол жеткізді – 6:2. Төртінші сетте қазақстандық теннисші брейк жасап, алға кетті – 4:1. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры матчты эйспен бітірді – 6:1.
Қазақстандық спортшы 1 сағат 51 минутқа созылған матчта 18 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың сегізін мүлт жіберген жоқ. Я.Ханфманн 6 эйс, 2 брейкпен (13 брейк-пойнт) ғана шектелді. А.Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 69-ракеткасы, жапониялық Есихито Нисиока немесе рейтингте 184-сатыдағы америкалық Джек Соктың біреуімен таласады.
Өткен жылы АҚШ-тың ашық чемпионатында А.Бублик алғашқы айналымнан аса алмаған еді.