Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Оманның астанасында «Халықаралық қоғамдастық мойындаған Қазақстан» тақырыбындағы фотокөрме өз есігін ашты, деп жазады Egemen.kz.
Көрмеде Қазақстан және еліміздің ғылыми-техникалық жетістіктері туралы фото және бейне материалдар, сондай-ақ Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтары суреттерінің экспозициялары ұсынылған.
Шараның алғашқы қонақтары жергілікті БАҚ пен Масқатта аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері болды.
«Іс-шараның ашылу салтанатында Елші Нәжмедин Мұхаметәліұлы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктері, өзекті саяси және экономикалық реформалары туралы айтып берді. Сонымен қатар, іс-шара мақсаттарының бірі – ядролық сынақтардың салдары және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу туралы қабылдаған шешімінің маңыздылығы туралы жергілікті қоғамды хабардар ету болып табылатынын ерекше атап өтті», деп жазады Egemen.kz.
Іс-шара қонақтары Семей ядролық полигоны жабылуының тарихи маңызына тоқталып, Қазақстанның бұл бастамасы халықаралық қоғамдастықтың мойындауына ие болғанын атап өтті.