Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің мәжіліс залында оқу орнының ректоры, ҰҒА академигі Арыстан Ғазалиевтің төрағалық етуімен ғылыми кеңестің Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиынға оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің мәжіліс залында оқу орнының ректоры, ҰҒА академигі Арыстан Ғазалиевтің төрағалық етуімен ғылыми кеңестің Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиынға оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Еліміздің саяси өміріне серпіліс әкеліп, миллиондаған қазақстандықтардың жүрегіне сенім мен үміт ұялатқан Елбасы Жолдауын халықтың жыл сайын асыға күтетіні белгілі. Биыл он сегізінші рет жасампаздықтың жаршысы ретінде Қазақстан халқына жол тартқан Жолдау бұл жолы да ел күткен еңселі нысаналарды белгілеуімен ерекшеленді. Ғалымдардың бұл бас қосуының мақсаты – Елбасы Жолдауын нақтылап, онда қамтылған міндеттердің жоғары оқу орны деңгейінде шешілу жолдарын талқылау. Жиналғандар алдында баяндама жасаған оқу орнының басшысы Арыстан Ғазалиев:
– Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Бұл ретте экономиканың жоғары технологиялық салалары және ғылымды қажетсінетін экономикалық базис ғылыми-зерттеулердің озық дамуымен сабақтаса отырып ұлттық білім беру жүйесін одан әрі нығайтуға негізделеді, – деді.
Сондай-ақ, ректор өз баяндамасында Елбасы Жолдауына өзек болған «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындаудың бесжылдық кезеңді қамтитын жеті бағыты мен Стратегия басымдықтарын жүзеге асырудың негізгі 10 тетігіне айрықша тоқталып, бұл міндеттерді орындаудағы ғылым мен білім саласындағы ерекшеліктерді әңгіме арқауы етті.
Ректор баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан барлық шешендер Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы өз ой-пікірлерін ортаға салып, Жолдаудың басым бағыттарының негізінде әзірленген университетті дамытудың Кешенді бағдарламасының ЖОО-ның білім беру қызметтерінің сапасын және жоғары техникалық білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша дамудың стратегиялық жоспары болып табылатынына жан-жақты тоқталды.
Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысын қорытындылаған ҚарМТУ ректоры Арыстан Ғазалиев:
– Бағдарламаның негізгі мақсаты «білім беру – ғылым – өндіріс» жүйесінде кәсіби біліктіліктерін дамыту және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру негізінде экономиканың жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін салалары үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау болып табылады. Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда Тұңғыш Президенттің білім ордасы – Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті көш басынан көрінуі тиіс. Оған біздің мүмкіндігіміз де бар, күш-жігеріміз де жеткілікті, – деп, ректоратқа, құрылымдық бөлімшелер басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сәбит БЕКСЕЙІТ.
ҚАРАҒАНДЫ.