Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өзінің жаңа орынбасарын әкімдікте өткен жиналыста таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшысы өңірдегі ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария, қоршаған орта және су ресурстары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ, туризм және спорт салаларын басқарады.
Аймақ басшысының жаңа орынбасары жергілікті шаруалардың бейіндік қаржы институттарымен және орталық мемлекеттік органдармен байланысын қамтамасыз етуі керек.
Мейрам Утешовтың экономика және агроөнеркәсіптік кешенді қолдау саласындағы тиісті тәжірибесін атап өткен облыс әкімі осы және басқа да бағыттардағы нақты міндеттер қатарын белгілеп берді. Нақты айтқанда, Әбілқайыр Сқақов ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің субсидиялар алу механизмін жетілдіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үшін жағдай жасау қажеттілігін атап өтті.
«Шаруалардың кабинеттерді аралап, біреулердің телефондарын іздеп жүруге уақыттары жоқ. Олардың жұмысы көкөніс пен жемістер өсіру, сүтті-тауарлы фермалар, көкөніс қоймаларын салу және тағысын тағы. Негізінде, бұл дегеніміз жеке инвестициялар, олардың өңір экономикасына құйылуы үшін біз барынша жағдай жасауымыз керек», деді облыс әкімі.
Мейрам Утешов 1978 жылы Қостанай облысында дүниеге келген.
1999 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «экономика және менеджмент», ал, 2005 жылы «Заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2001 жылы Қостанай облысының экономика және сауда департаментінде жетекші маман ретінде бастады. Осы өңірде экономика және сауда департаментінде, шағын бизнесті қолдау басқармасында, кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде басшылық лауазымдарды атқарды.
Төрт жылдан астам уақыт облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына басшылық етіп, екі жылдан астам мерзім Жітіқара ауданының әкімі болды. 2016-2020 жылдар аралығында елордада, оның ішінде «Аграрлық-кредиттік корпорация» АҚ-да жұмыс істеді.
«Павлодар» ӘКК-нің басшысы болып тағайындалғанға дейін несиелік серіктестіктерді дамыту департаментінің директоры болды. Жиналыс барысында басқа да мәселелер талқыланды. Жаңа оқу жылының басталуын ескерген Әбілқайыр Сқақов білім мекемелерінде эпидемиологиялық режимнің сақталуын бақылайтын мониторинг топтар құруды тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы балалардың эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп автобустарының маршруттарын ұйымдастыруды тапсырды. Мұндай қоғамдық көлік пилоттық режимде Павлодар және Екібастұз қалаларында жүретін болады.