Жапонияда өтіп жатқан XVI жазғы Паралимпия ойындарының кезекті күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына қола жүлде түсті. Жүзу спортыбойынша сынға түскен Нұрдәулет Жұмағали үшінші нәтиже көрсетті.
Ерлер арасындағы 100 метрге брасс әдісімен жүзу бойынша жарысқан отандасымыз әуелі іріктеу бәсекесіне қатысып, екі топ бойынша жүзген спортшылардың арасында үздік нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алған болатын. Сонымен қатар жалпы есепте сегізінші орынға табан тіреген тағы бір жерлесіміз Нұрали Советқанов та финалға шыққанеді. Бірақ финалдық бәсекеде Н.Советқанов жүлделі орынға іліге алмады.
Финалға жолдама алған ең үздік 8 спортшының қатарында өнер көрсеткен Нұрдәулет Жұмағали алтын жүлде үшін болған бәсекеде 100 метр қашықтықты 1.05,20 уақыт көрсеткішімен жүзіп өтіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл сайыста германиялық Талисо Энгель жеңімпаз атанса, америкалық Дэвид Абрахамс күміске иелік етті.
Осылайша, қазақстандық паралимпиадашылар Токиода бесінші жүлдесін жеңіп алды. Бұған дейін пауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын алса, пара дзюдодан Әнуар Сариев, Дәулет Теміржан және Зарина Байбатина күміс медаль иеленген еді. Айта кетейік, осы қола жүлденің арқасында Қазақстан құрамасы Паралимпиада тарихында тұңғыш рет толық медаль жиынтығын жеңіп алды.