Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Шымкент қалалық опера және балет театрының ұжымы 2-3 қыркүйек күндері «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры сахнасында Тасқын Жармұхаметтің «Домалақ ана» операсын көрермен назарына ұсынады.
Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызының айтуынша, пандемияға байланысты екі жылдан бергі алғашқы сапарға ұжым тыңғылықты дайындалған. Нұр-Сұлтан қаласына театрдың 170-ке жуық қызметкері келсе, елордадан 50-ге жуық маман мен арнайы аспаптармен қосылып, «Домалақ ана» операсы сахналанбақ. Идея авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, қойылымның композиторы Мәдениет саласының үздігі Тасқын Жармұхамет. Либреттосын жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы-режиссері – Михаил Панджавидзе, қоюшы-дирижер – Мәди Өмірзақов, қоюшы-суретші – Бақыт Күзембаев.
«Домалақ ана» операсы тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кең пейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғысып, қазақ елінің тарихи тереңдігін, мәдени көркемдігін кеңінен қамтиды.