• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 02 Қыркүйек, 2021

Трансшекаралық өзендерді пайдалану тәсілдерін саралады

478 рет
көрсетілді

Бүгінде жер шары тұрғындары ауыз су тапшылығының зардабын шегуде. БҰҰ дерегі бойынша, 2000 жылы әлемде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік қажеттіліктерді ескергенде су тапшылығы жылына 230 млрд текше метрді құраған болса, 2025 жылға қарай ауыз су тапшылығы жылына 1,3-2,0 трлн текше метрге жетеді. Қазіргі кезде әлемде 1 млрд-тан астам адам ауыз суға зәру. Жыл сайын 3 млрд-тан астам адам сапасыз судың зардабын тартуда.

Бүгiнде су тапшылығы – ор­та­азиялық елдерді ғана емес, әлемді алаңдатып отыр. Осы орайда Алматыда Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу уни­вер­ситетінде өткен халық­ара­лық конференцияда Африка, Орталық Азия және Кав­каз елдерінен келген қаты­су­шылар ғаламдық су тапшы­лығы мәселесін талқылады.

Бүгінде су тапшылығы Орталық Азия мен Кавказ өңірлерінде де өзекті мәселеге айналып отыр. Қолда бар су ресурстарын шамадан тыс пайдалану және климаттың жаһандық өзгеруінен жағдай күрделене түсуде, оған қоса, өңірдегі су ресурстарының біркелкі бөлінбеуі де жағдайды шиеленістіре түсуде. Балама көздер болмаған кезде су ресурстарына бай Сырдария мен Әмудария ірі өзендерінің жоғарғы ағысында орналасқан Тәжікстан мен Қырғызстан елдері қыста суды негізінен су электр энергиясын өндіру үшін, ал Қазақстан, Түрік­мен­стан және Өзбекстан сияқ­ты төменгі ағыс елдері суды негізінен жазғы кезең­де ауыл шаруашылығы дақыл­дарын суару үшін пайдаланады. Су ресурстарының жетіспеушілігі, дұрыс басқа­рылмауы және мүдделердің тоғыспауынан Орталық Азия­да судың таралуына әлеуетті шиеленісті арттырып отыр. Қалыптасқан жағдай су-энер­гетикалық ресурстарды пайдалануда диалог пен өңірлік ынтымақтастық тетіктерін дамытудың жаңа жолдарын іздеу қажеттігін талап етеді.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы­мен (АҚИҰ) бірлесіп ұйымдастырылған жиында Чад, Мали, Нигер, Маври­тания, Буркина-Фасо, Сене­гал, Бенин, Қазақстан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Түрікменстан және Әзер­байжан сияқты Батыс Афри­ка мен Орталық Азиядан осы ұйымға мүше елдерге арнал­ған Water Hub аясында қарқынды оқыту бағдарла­масы таныстырылды.

Су мәселесі Water HUB заманауи нысандарында ха­лықаралық мамандардың, зерттеушілердің, прак­тик­тер­дің, ирригациямен байла­ныс­ты жеке компаниялардың және су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы Орталық Азия мен Батыс Африкадан инновациялық озық тәжіри­бемен алмасу үшін арнайы келген ғылыми-зерттеу инс­ти­туттары өкілдерінің бел­сен­ді қатысуымен кеңінен талқыланды. Бүгінгі таңда су тапшылығына байланыс­ты мәселелер, оның ішінде экологиялық зондтау (озық тәжірибе мен инновациялар), тұрақты тұщыландыру, гидроэнергетикалық объектіні пысықтау және енгізу, сондай-ақ Орталық Азиядағы су ресурстарын басқарудағы озық шешімдер өзекті.

Жиынды ашқан Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу уни­верситетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті Т.Есполов іс-шараның ауылшаруашы­лық өндірістік кешені үшін ма­ңызды екендігіне тоқталды. «Бүгінде Ислам елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі және халқының тамақ өнімдеріне сұранысын қанағаттандыру үшін азық-түлік өндіру, су қауіпсіздігі мен суды тұтыну мәселелері әлемді алаңдатып отыр. Жаһандық климат­тың өзгеруі Қазақстанда да сезілуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша климаттың бұзылуы ормандардың, су ресурстарының, жайылымдық жерлердің жай-күйіне (демек, мал шаруашылығындағы істің жағдайына да) және астық өндірісіне, жалпы отан­дық аграрлық сектор сег­менті­не әсер етеді. Демек, құр­ғақ­шы­­лыққа қарсы күрес тәсіл­дерін қайта қарау қажеттілігі туындады. Бүгінгі төтенше жағ­­дайлар туралы ғана емес, болашақта осындай жағдай­лардың алдын алу туралы да ойлануымыз керек. Уни­вер­ситет осы проблемаларды шешумен айналысуы тиіс әрі жаңа форматтағы кадрлар­ды даярлайды. Болашақ кадр­лар­ды сапалы дайындау үшін «Су хабы» халықаралық зерттеу орталығы құрылған. «Су хабы» елдің және өңірдің АӨК инновациялық дамуына, аграрлық еңбек нарығын­да сұранысқа ие жаңа фор­ма­циядағы мамандарды даяр­лауға нақты жәрдемдеседі», деп атап өтті Т.Есполов.

Осы орайда ҚазҰАЗУ ға­лымдары әзірлеген «Халық­аралық халал өнімдерін зерттеу орталығы», «Ауыл ша­руашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану үшін суды тұщыландыру мобильді қондырғысын әзірлеу және енгізу», «Полиэтилен үлдірден жасалған вакуумдық контейнерлерде сүрлем дайындау» және т.б. ауыл шаруашы­лы­ғы саласындағы бірқатар инвес­тициялық жобаның да маңызды екендігін айта кеткен жөн.

Іс-шара барысында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры Ерлан Байдәулетов офлайн/онлайн форматындағы кеңеске Африка, Орталық Азия және Кавказдан 50-ден астам өкілдің қатысып отыр­ғанын жеткізді. Жаһандық су тапшылығы COVID-19 пан­демиясының жалғасып жат­қанына қарамастан талқы­ланып отыруы мәселенің аса маңызды екенін көрсете­ді. «Суды пайдалану – біздің заманымыздағы ең өзек­­ті жа­һан­дық мәселенің бірі. Су, әсіресе су ресурстары АҚИҰ-ға мүше елдерде шек­­теулі. Мысалы, Сахара шөлі­­нің оңтүстігіндегі елдер жаң­ғырмалы су ресурстары­ның тек 23,3 пайызын құрай­ды (SESRIC OIC water vision есебі, 2019) және халық­тың 61 пайызы ғана таза суға қол жеткізе алады. Африка ел­дері бо­йынша континент аума­ғы­ның 64 пайызын қамтитын 63 трансшекаралық өзен ағып жатыр (UNEP 2010 есебі), оның ішіндегі ең ірісі Конго, Ніл және Нигер өзендері. Қазір­­­гі заманғы техно­ло­гия­­­­­лар­ды пайдалана отырып транс­шекаралық сулар­ды басқару мәселелері, әсіресе өңірде­гі азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету өте маңызды. 2030 жылға қарай Орталық Азия елдерінде, кейбір есеп­теу­­лер бойынша су тұтыну кем дегенде 15-20 пайызға өсетін болса, оның салдары бәрімізді ой­ландыруға тиіс», деп атап өтті Е.Байдәулетов.

Халықаралық кеңес жұ­мысына Қырғызстанның ирригация жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының басшысы Дамира Сыдықова, Тәжік­станның ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдары акаде­мия­сының мүшесі Нұрзода Назар, ҚазҰАЗУ «Су хабы­ның» директоры, техника ғы­лым­дарының докторы, профессор Анатолий Рябцев, Тә­жік­стан Су ресурстары және энергетика министрлігінен Шер Гулов, Әзербайжан Ауыл шаруа­шылығы министр­лігі­нен Сима Маммадова және еліміздің Ауыл шаруа­шылы­ғы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, квазимемлекеттік сектордың, ғылыми-зерттеу мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе қатысушылар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының мүшелеріне, мүд­делі мемлекеттік орган­дарға жіберілетін ұсыныстар топтамасын әзірледі.

 

АЛМАТЫ