Алматы облысындағы ЛА-155/4 әйелдер колониясы – еліміздегі 3 жасқа дейінгі балаларды анасымен бірге ұстауға мүмкіндік беретін балалар үйі бар жалғыз мекеме. Оның мектепке дейінгі азаматтық мекемелерден еш айырмашылығы жоқ.
Таяуда қылмыстық-атқару жүйесі органдарын реформалауды іске асыру аясында Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Орталық Азиядағы PRI өкілдігінің жетекшісі Жанна Назарова, «Адам құқықтары үшін хартиясы» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова Алматы облысындағы ЛА-155/4 әйелдер колониясына барды.
Жұмыс сапары барысында сотталғандарды ұстау, мекеме жанында орналасқан «Балалар үйіндегі» сотталған әйелдер мен олардың балаларын медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ колония аумағындағы өндіріс жұмысы таныстырылды.
Қазіргі уақытта «Балалар үйінде» 31 бала тәрбиеленуде, олардың 11-і осы жылы дүниеге келген. Мұнда бөбектер үшін жасалған жағдайдың мектепке дейінгі азаматтық мекемелердегіден еш айырмашылығы жоқ. Сәбилер мен олардың аналары үшін медициналық қызметкерлердің жеке штаты жұмыс істейді. Бұдан басқа, бірқатар үкіметтік емес ұйым, оның ішінде Орталық Азиядағы PRI өкілдігі мекеменің техникалық және материалдық жабдықталуына көмек көрсетіп отырады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, сотталған әйелдер үшін оң жаңалықтардың бірі – 3 жасқа толғаннан кейін балалардың анасымен бірге болу мерзімінің ұзартылуы. Бұл шара Еуропа елдерінің озық тәжірибесі саналады. Осылайша, бұл ана мен баланың эмоциялық жағдайына жағымды әсер етеді.
ІІМ басшысының орынбасары мекемеде қолайлы жағдай жасауда сотталғандар үшін жұмыс орындарын көбейту маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Жұмыс сапарына қатысушылар «Еңбек-Жауғашты» РМК филиалының және мекеме аумағында қызмет ететін жеке кәсіпкерлердің өндіріс орындарына барды. Колонияда жалпы сотталғандардың 64%-ы жұмысқа орналасқан. Жұмыстың негізгі бөлігі тігін өндірісіне бағытталған, онда сотталғандар жылына орта есеппен 230 мың өнім шығарады.
«Қазір сотталғандар, оның ішінде әйелдер колониялары үшін арнайы нысанды өзгерту туралы ұсыныс қаралуда. Жаңа киім өндірісі мекемелер аумағындағы тігін цехтарына тапсырылатын болады», деді М.Баймұқашев.
Сотталғандарды ұстау жағдайымен танысқан өкілдер жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді. Әйелдер қойған сұрақтардың басым бөлігі алдағы қабылданатын рақымшылыққа, кешірім жасау мүмкіндігіне, сондай-ақ мекемеде қосымша жұмыс орындарын құруға қатысты болды.
«Ұстау жағдайларына бізде шағым жоқ. Мұнда балаларымызға да қамқорлық жасайды. Біздің әкімшілік сотталған әйелдермен жұмыс істеудің қыр-сырын түсінеді», дейді сотталғандардың бірі.
Қазір мекемеде түрлі қылмыстары үшін 500-ден аса әйел жазасын өтеп жатыр. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша М.Баймұқашев облыстық ведомство басшылығына сотталғандардың құқықтарының және жазаларды орындау саласындағы заңнаманың мүлтіксіз сақталуын бақылау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.