Қазақтың аса көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың қайтыс болуына байланысты республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына келіп жатқан хаттар мен көңіл айтулар легі толастар емес. Бүгін олардың бірқатары газеттің қағаз нұсқасынан орын алып, беттелуге кетті. Енді санаулы сағаттардан кейін олар баспаханада басылады. Ал осы орны толмас қазаға байланысты газетте беріліп жатқан арнайы беттің алдын ала жоспарына кірмей қалған, редакцияға өз талаптарымен кейіндеу келіп түсіп жатқан басқа хаттарды біз газетіміздің интернет-басылымына ұсынып отырмыз.
Үлкен жүректі жан еді
Дендеген дерт, аңдыған ажал талай арыстарды арамыздан жұлып алып кетіп жатыр. Енді міне, Фариза апамыздың дүниеден озғандығы туралы жайсыз хабар көкірегімізді шерге толтырып тұр...
Фариза Оңғарсынова қазақтың асқақ поэзиясындағы асау жырдың иесі, көрікті де өрнекті ойдың шебері болды. Ол қазақ поэзиясының бір шыңына айналды. Артына өшпес мұра, сарқылмас қазына қалдырды.
Өзінің соңынан ерген мыңдаған іні-сіңлілеріне қолдау көрсетіп, өнерге деген жолын ашып берді. Сондықтан да қазір «Фариза апам» деген азаматтарды еліміздің барлық өңірінен де табуға болады. Тек қана ақындар емес, алуан түрлі өнер жолында жүрген дарынды жастар үлкен жүректі Фариза апамыздың қамқорлығына бөленді.
Әділетсіздікке төзбейтін Фариза апамыз мынау Өмірден Ар мен Намыстың Туын көтеріп өтті.
Бүгін өзінің сүйікті Фаризасынан айырылып, қалың қазақтың қабырғасы сөгіліп тұр...
Қайғырып қалың қарлы дала жатыр...
Ел көрді жыр әлемін мұң басқанын.
Аттанып мәңгілікке бара жатыр,
Халқына аманаттап жыр-дастанын...
Бақұл болыңыз, қадірлі Фариза апа...
Халқыңыз барда, құдіретті жырларыңыз әрбір қазақтың жүрегінде сайрап тұрады, жас ұрпақтың бойына қуат беріп, санасында сақталары анық.
Айбатыр Сейтақ,
ақын-журналист.
Астана.
Патшайым Фариза әпкем
-І-
Тұманданған санамды мұншама күн
Мұнар, мұнар оймен де тұмшаладым!
Мен өзіңе, Фариза әпкем, енді
Мұқағали ағамдай мұң шағамын!
Керенау ел ұмытып ерлік ісін,
Өз ақынын өлтірер өрлігі үшін!
Көгендетіп көз нұрын Жайық жаққа
Қойды-ау енді Ертістің кер бұғысын!..
Тентегің тұр қаз үнін ұзатып-ау,
Ұлы Атырау ұғынар,
Заты мынау,
Қыз мінезді ұл тумас
Керекудің
“Казкрайы” әуелден бұзақылау…
Жатса да алда ақ парақ жайнамазы,
Бауырыңның сен жақта ой, назары.
Бірақ мынау өр кеуде “Казкрайдың”
Өршіл ақын боп туды қай қазағы?!
Жаяу Мұса, Мәди – деп, – арғы затым!..
Аруақтанар бұл жақта жалғыз ақын!
Ол да бүгін Жайыққа жаутаңдап тұр
Екпінінен жаңылып тау бұзатын.
-ІІ-
Көңіл жаурап кей кезде өртті аңсаған!..
Шулы өмірде адасып кеткен санам.
Мен ғой енді сыбырлап айтайыншы
Бір сырымды, Фариза әпкем, саған.
Бекзада құс мәуесіз қарағайға
Шалдығып-ақ жеткенмен,
Паналай ма?..
Керекуге шақырған Төлеужанды
Әзілхандай бізге енді аға қайда?!
Сол Төлеужан уақыттың ырғағымен
Өр мінезі үйлеспей,
Жырлады кең.
“Менен құжат сұраған сендерде осы
ес бар ма?!” деп,
Ұрсыпты ол мұндағымен…
Кеңсеге осы енгенде,
Мына маған
Кеңкелестің сұр көзі ұнамаған!
“Салауатты тірліктің салты осы!..” – деп,
Кілт салатын тесіктен сығалаған.
Төлеужандай ақын боп толғансам да,
Сері көңіл бұзылды-ау анда-санда…
Төкең қазір тірілсе кімге барар,
Әз ағаңдай бір адам болмаса онда!..
-ІІІ-
Бұл фәниде қырық белден әрі ұзап мен,
Саған барам, патшайым Фариза әпкем!
Адамдардың ішінде дәл өзіңдей
Пендешілік жуымас перизат кем.
Жауыздықпен жас күнім өлтірілген…
Мен Ақиқат іздермін жер түбінен!
Көп таланып қотанда төбет итке,
Еркін өскен елсізде бөлтірік ем!
Енді ұлысам көкжалмен қатар тұрып,
Бөрі дүние бөрлігіп, жатар ұлып!
Ұлы даусым Ертістен уілдеген
Ақ Жайыққа құйылар қотарылып!
Боз Далада боздаған, ақ аруана,
Мен – Жұмекен жоғалтқан боталы үміт!
Жүрмін қазір, тұп-тұтас Ғаламшарды
Жұдырықтай жүрекке Отан қылып!
Ұлы Ғалам үніме селт етпесе,
Жан-тәніммен кетермін қопарылып!
Сонсоң тозақ отынан күл болармын,
Әлемді де күнәкар атандырып!
-ІV-
Қарсы бұрып ағысқа ақ кемемді,
Көк желкенді көтерер шақ та келді!
Будақ-будақ бұлт ойдан мен өзіңе
Қол созамын, Фариза әпкем, енді.
Қошалақты назқоңыр өлең тербеп,
Қоңыр іңір барады белеңге өрлеп.
“Темірқазық” туғанда
Ой толғайды-ау
Кекілбаев тәрізді кемеңгер тек!
Сол Жұмекен сыйпаған кекілінен
Құлын-жырым тай болып,
Жетіліп ем.
Енді асығам қырық үш күн Тайбурылды
Күте алмаған Қобыланды секілді мен!..
Бұрқ-бұрқ қайнап беймаза ғасырымда,
Хақым бар ма тап қазір басылуға?!
Құс жолымен мәреге жұлдыздардың
Керуені де, әнекей, асығуда!
Жүргенде жұрт Қорқыттың көрін қазып,
Жақсы сөз де болмай ма көңілге азық?!
Самаладай самсатқан үмітімді
Сенсің маған көктегі Темірқазық!
Арман Қани,
Қазақстан Жазушылар одағы
Павлодар облыстық филиалының директоры.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Әр санада Фариза
Дүбірінен ғасырлардың,
Төбелері төңкерілген Нарыным.
Дүрілінен асырған мұң
Естіледі бабалардың зар үні.
Дүниені сапырғандай
Наз – қайғының сарыны.
Ағып түсті –ау поэзия нұр көгінен
Жарқыраған жарық жұлдыз –
Жар даланың тағы да бір дарыны!
Дана қазақ Фаризасы,
Маржан сөздің падишасы.
Жабылғандай сәуле шашқан сахна
Асыл елдің саусағынан
Сусып түсті гауһар көзді сақина.
Лираның үзілгендей алтын тіні «дың» етіп,
Дүние қалды дір етіп.
Пай –пай, заман, қандай еді жырлары,
Үзіле де рахаттана тыңдаушы еді
Паң даланың қырлары.
Шұғыламен күн сәндеген
Алатаудың шыңдары.
Сұлулардың жүздерінен төгілгендей
Мөлдіреген нұрлары.
Әр сазында – махаббаттан елжіреп,
Жігіттерге үзіле айтқан сырлары,
Бал тамғандай мұңлы әні.
Пай- пай, заман, қандай еді жырлары?!
Ол өлеңін оқығанда
Сәукелесін сәндеп киген
Гүл жалт етіп қарайтын.
Ақ қайыңның майда самал
Шашын сәндеп тарайтын.
Жырларынан жылдар сөйлеп,
Тебіреніп ғасырлар.
Құм Нарыннан шыға келіп
Исатай мен Махамбеттей батырлар,
Сұңқар болат қылыштардан
Жарқ-жұрқ етіп ойнайтын-ды жасындар.
Қазағымның жадыраған көңілі
Алматының, Астананың, Атыраудың өмірі
Фаризаның жырларымен сәнденіп,
Ғұмыр - дария тұрғанында әрленіп,
Әспеттейтін шығыс жақтан Таң келіп.
Уа, халқым, Фариза – Аққу
Кетті ұшып қоштасып Нар Даламен.
Бірақ қалды қасымызда ақ өлең,
Әрбіреуі ақ мақтадай пәк өлең.
Әрбіреуі үлбіреген сәбидей,
Нәрімізге айналып мына дүние - фәниде.
Әрбір өлең енді бізге Фариза боп сөйлейді,
Әрбір өлең сахнаға Фариза боп төрлейді.
Әрбір өлең Фаризаның жігерінен от алған
Әрбір өлең санамызға бұлақтайын құйылып,
Жауларына намысын еш бермейді.
Қайсар жырлар дәуірлерге ұласып,
Ешқашанда өлмейді!
Падишаның Алтын Тағы - әр қазақтың санасы,
Фаризаны тербетеді Алтын Бесік - Даласы!
Қадыр Жүсіп,
Фариза Оңғарсынованың курстас жолдасы.