• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Президент 03 Қыркүйек, 2021

Билік пен халық бір болса...

488 рет
көрсетілді

Біз әлемдегі және аймақтағы күрделі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Әр мемлекет өз халқын түрлі қиыншылықтан алып шығу үшін әрекет жасауда.

Қазақстан халқы да осындай ал­мағайып уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ха­лықаралық сыннан өткен саясаткер екендігіне көз жеткізіп отыр. Оған қиын кезеңде халықты әлеуметтік жағы­нан қорғау жөніндегі шұғыл іс-шара­лар дәлел бола алады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын халықтың асыға күтетіні де осыдан шығар. Өйткені Президенттің әр Жолдауынан кейін экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани, білім-ғылым салалары тың серпін алып, жаңа міндеттермен толығатыны белгілі.

Міне, 1 қыркүйекте қос Палаталы Пар­ла­менттің бірлескен отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Президент ең алдымен індет пен экономикалық қиындықтар тұсында халқымызға бірлік пен төзімділік таныту қажет екенін айта отырып, Үкі­метке осы жолдағы жұмыстарды күшей­ту бойынша жаңа тапсырмалар бер­ді. Бүгін де індетті жеңудің бір­ден-бір жолы – екпе алу екені бел­гілі. Осы­ған орай, халық арасында түсін­діру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Бұл өз жемісін берді деп нық се­німмен айтуға болады. Қазір 5 миллионнан астам адам екпенің екінші компонентін алды. Мұның оң шешім болғанын өмір көрсетіп отыр. Бүгіннен бастап 3 миллионнан астам жасөспірім мектеп партасына отырды.

Шынын айту керек, бала­лары­мыздың мектепті онлайн жағ­дайында оқуы ұстаздарды да, ата-ана­ларды да қатты алаңдатқан еді. Қалай болғанда да, қашықтан оқыту білім са­пасына айтарлықтай әсер етті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қатынас алшақтады. Ал бала ұстазға қарап өсе­тінін ұмытпауымыз керек. Сонда ғана баланың өресі жетіледі, тәрбие­сі нығаяды. Ал ұстаз шәкіртіне қарап қуаттанады. Олардың мейірім шуа­ғы ұстаздарды қанаттандырады. Қа­лып­тасқан дәстүрлі оқу форматына қайта оралу халықты ерекше қуантып отыр деп нық сеніммен айта аламын.

Адами капитал білімді ұрпақтан басталады. Мектеп білімі жоғары мектепте жалғасады. Біз де жүздеген мың студенттердің колледждердің, институттар мен университеттердің аудиториясына кіргеніне ерекше қуанып отырмыз.

Иә, Мемлекет басшысы Жолдауда әдеттегідей отандық білім мен ғылымның маңызды проблемаларына тоқталып, оларды шешу жөнінде нақты жаңа міндеттер қойды.

Әлемде техника мен цифрлан­дырудың, нанотехнологияның жылдам дамуы барлық салада мақсат пен басымдықты жедел өзгертуде. Осыған орай, Президентіміз оқыту бағдарламаларын тез арада заман талабына сай қайта бейімдеу жұмыстарын қолға алу қажеттігін атап көрсетті.

Сол сияқты жедел өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін педагогтерді қайта даярлауды қа­зір­гі кездегідей 5 жылда емес, әр 3 жыл сайын жүргізуді тапсырды. Мұн­дай өзгеріс өз кезегінде біздің педа­гогтер корпусының жаңашыл, ізденім­паз толқынын қалыптастыруға зор мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Орта білім беру жүйесінің өткір проб­лемасы мектептерде орын жетіс­пеушілігі болып отыр. Бүгінде тапшы­лық 225 мың орынды құрайды. Егер шұғыл шаралар қолданылмаса, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салу ту­ралы тапсырма берген едім. Бүгін мен бұл санды 1000 мектепке дейін жет­­кізу міндетін қойып отырмын», деді.

Расында да орын тапшылығы – білім саласында ұзақ жылдардан бері шешімін таппай жүрген, кезек күт­тірмейтін мәселелердің бірі. Сондық­тан Президенттің бұл тапсырмасын жауапты органдар тез арада жүзеге асыруға тиіс деп білемін. Себебі балаларды оқу орнымен толық қамтамасыз етпей тұрып, заман талабына сай білім беру жөнінде сөз қозғау мүмкін емес.

Президентіміз биыл бірнеше қазақ­стандық оқушының халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атан­ғанын зор қуанышпен жеткізді және мұндай дарынды балаларға қолдау білдіруді, сондай-ақ оларға жоғары оқу орындарына түсу үшін конкурс­тан тыс гранттар беріп, біржолғы ақша­лай сыйақылар төлеуді, балаларды тәрбиелеген мұғалімдерді моральдық және материалдық көтермелеуді тапсырды.

Президенттің биылғы Жолдауы өткен жылғы Жолдауының заңды жал­ғасы деп айтуға болады. Өйткені Мем­лекет басшысы үшін халықты әлеу­мет­тік жағынан қорғау басым бағыттардың санатында тұрады.

Айталық, егер қазір ең төменгі жалақы 42500 теңгені құрайтын болса, енді 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 60 мың теңге болмақ. Бұл Президент қадап айтқандай, 1 миллион адамды қамтиды.

Жолдауда Мемлекет басшысы бюджет саласы қызметкерлерінің жала­қысы жыл сайын 20 пайызға артып отырғанын атап өтті. Ал 2020 жыл­дан бастап 600 мыңнан астам педа­гог, дәрігердің, әлеуметтік сала қызмет­кер­лерінің жалақысы өскен болатын.

– Бірақ бюджеттен қаржы­лан­ды­ратын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды, – деді Қ.К.Тоқаев. – Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызмет­кер­­лердің жалақысын жыл сайын орта есеп­­пен 20 пайызға өсіретін болады. Тұ­­тас­­тай алғанда, тағы 600 мың отан­да­­сымыз бұл бастаманың игілігін көреді.

Әрине, ұстаз, педагог ретінде мен мұндай ұсыныстарды өте жылы қабыл­дадым. Сондай-ақ мұғалімдерді одан әрі қолдау жалғасатыны маған ерекше әсер етті.

Шынында, үстіміздегі жылдың қаң­тар айынан бастап, педагогтердің жала­қысы 25 пайызға өскен болатын. Президент «келесі 3 жылда осы мақ­сатқа 1,2 триллион теңге бөлінеді», деді. Демек, педагог мамандардың беделі ғана емес, оларды тиісті еңбек­ақымен қолдау да ойдағыдай қалып­тасуы мемлекеттік саясаттың бас­ты бағыттарының санатында тұр. Әрине, бұл әр ұстаздың жүрегіне өз мамандығына деген мақтаныш сезімін ұялататыны сөзсіз.

Ғалым ретінде де мен көкейде жүрген көп сұрақтарға жауап алдым.

– Ғылымды дамыту біздің аса ма­ңызды басымдығымыз, – деді Мем­­лекет басшысы. – Бұл саладағы түйт­кілдердің шешімін табу үшін осы жыл­дың соңына дейін заңнамаға өзгеріс­тер енгізу қажет. Ең алдымен жетек­ші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мә­селесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн.

Иә, Президент көптен бері ғалым­дар­ды, ғылыми-зерттеу институт­та­рының басшыларын толғантып жүр­ген мәселелердің түйткілін шешті. Болашақта іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары тікелей қаржыландырылатын болады. Бұл Қазақстан ғылымын қолдаудағы жаңа қадам болып отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстан ға­лым­дары көптен бері айтып, жазып жүр­ген мәселені оңтайлы шешіп берді. Мә­селен, бұрын грант мерзімі 3 жылмен шектелетін. Ол іргелі ғылымды да­­мы­туға едәуір кедергі келтіріп отыр­ғанын Президент өз Жолдауында атап өтті.

Расында, қысқа мерзімде іргелі ғылымда үлкен жетістіктерге қол жеткізу мүмкін бе? Енді Президент тапсырмасына сәйкес гранттық жоба мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Бұл Қазақстан ғылымының өрлеу кезеңінің басы болатынына сенімдімін.

Жолдаудағы әр жол, әр шешім халық жүрегінен шығатынына сенімім мол. Айталық, руханият саласына басым­­дық берген мемлекет нығаяды. Ұлт­тық бірлік болған жерде қоғам ілге­рі дамиды.

Мемлекет басшысы тарихи және мәдени мұраны тиімді қолдану қа­жет­тігіне ерекше мән берді. Мәдениетті дамытудың, оны жаңаша құрудың тұжырымдамасын жасауды Үкіметке тапсырды.

Жолдау Қазақстанның жаңа даму жолының арналарын айқындап берді.

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Сенат депутаты