• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2014

Пікір алмасу алаңындағы брифинг

306 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум жұмысына қатысу қорытындыларына арналған брифинг өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум жұмысына қатысу қорытындыларына арналған брифинг өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Дүние­жүзілік экономикалық форум әлемдік экономикадағы жағдайлар мен оның даму перспективалары туралы пікір алмасу алаңы болып саналатынын атап өтті.

– Давос – тығыз кездесулер орны, себебі, форумға мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялар жетекшілері көп жиналады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мен бұл форумға жиі келіп тұрдым, өйткені, ол кезде біздің ел танымал емес еді. Сапарлардың мақсаты жас респуб­лика туралы әңгімелеп, инвес­торлар назарын аудару болатын. Инвесторлар кеңесін құру бастамасы да дәл осында көтерілгенін еске сала кетейін. Ал бүгін 2050 Стратегиясының қабылдануына және онда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты қойылғанына байланысты осы жөнінде форумға қатысушыларға әңгімелеп беру қажеттігі туып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев форум президенті К.Швабпен, сондай-ақ, өзге мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен өткен кездесулер туралы хабарлады.

– Мен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан компаниялар басшыларымен де кездесулер өт­кізіп тұрамын. Біз олардың елі­міздегі алдағы уақыттағы қыз­метінің перспективаларын тал­қылаймыз. Басты мәселе сонда – өндіруші салаларда жұмыс істеп жатқан трансұлттық компаниялар өз кәсіпорындары үшін бізде сервистік компаниялар құруға тырысуы керек. Бұл жайт Қазақстанды индустрияландыру секторына қатысты. Ме­німен әңгімелескен кісілер елі­міздің даму болашағы үшін ин­фра­құрылымды дамытуға – ав­то­жолдар мен теміржолдар, порттар, аэропорттар салуға деген біз­дің ұмтылысымыздың маңыздылы­ғын айтады. Өткізілген кездесулер бұл орайда өте маңызды болды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің Еуропа Қайта құру және даму банкінің басшысы С.Чакрабар­тимен әңгімелесуі жөнінде айтып берді.

– ЕҚДБ Қазақстанға 6,5 миллиард доллар салды. Кездесуде мен шағын және орта бизнесті қолдауға көбірек көңіл бөлуді өтіндім. Банк қазірдің өзінде 162 миллион долларлық жобаларды қаржыландырды, биыл бизнесті несиелеуге 77 миллион доллар бөлінді, – деді Қазақстан Президенті.

Бұған қоса, Қазақстан Пре­зиденті кездесулер тақырыбының бірі алдағы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге инвестициялар тарту туралы болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы бұрынғы серіктестермен кездесіп, жаңа адамдармен танысу үшін форумның жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.

– Өзге елдердің бас­шы­ла­ры біздің өңірдің ахуалы мен даму перспективаларына қатысты менің пікірімді білгісі келеді. Иранның ядролық бағдарламасы, Ауғанстан мен­ Сириядағы ахуалды реттеу­ мәселелері, Украинадағы оқи­ға­лар баршаны қызықтырады. Осылайша, өзара пікір алмасулар нәтижесінде пайдалы ұсыныстар мен шешімдер туады. Форум басқарушы орган болып саналмайды, ол тек түрлі қиын жағдайлардан шығудың ықтимал жолдарын ұсынады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті форумда бірқатар қауіпті сын-қатерлер мен болашақ дағдарыстар анықталғанын хабарлады.

– Осыған байланысты, дағ­дарыстың артта қалғаны ту­ралы бәлендей тоқмейілсу жоқ. Қиын­дықтар әлі алда. Еуропалық Одақтағы басты қиындық, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық, сондай-ақ, еуро валютасына қатысты сенімсіз көзқарас. Жылдың ортасына қарай белгіленген Еуропарламент сай­лауы өте маңызды болмақ. Еуропа мен АҚШ-тың экономикасы баяу да болса көтеріліп келеді, бұл – жақсы жаңалық. Оған қоса, Қытай экономикасының төмендеуі байқалуда, бұл өз кезегінде алаңдаушылық тудыратын нышан болып отыр. Біз үшін Ресей экономикасының жағдайы да маңызды. Бізді осы мәселелердің бәрі мазалайды, өйткені, біз әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігіміз. Әлемде болған нәрсенің бәрі бізге де әсер етеді. Біздің міндетіміз – соны дер кезінде аңдап, ықтимал қиын ахуалдардан аман шығудың тиісті шараларын қабылдау, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар