Солтүстік Қазақстан облысында өрт санының 17%-ға өскені байқалады. Жыл басынан бері өңірде 477 өрт тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттік бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихин өрттің 70%-ы тұрғын үй секторына тиесілі екенін атап өтті. Олардың негізгі себептері пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу болып табылады.
«Жыл басынан бері өрттен 36 адам қаза тапты, яғни 16%-ға артқан. 35 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе көп. Өрттен келген материалдық шығын 188 миллион теңгеден асып, үш есеге артты. Өңірде 14 тамыз бен 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіледі. Үш мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 646 үйде 1329 өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу анықталды», деді Д.Растихин.