ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ТМД-ға қатысушы елдердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz министрлік сайтына сілтеме жасап.
«2021 жылғы 3 қыркүйекте онлайн форматта ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің VII отырысы өтті. Қатысушылар Кеңестің жаңа төрағасын сайлады, ол ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев болды», делінген ҚР Экология министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Отырысқа ТМД мемлекетаралық экологиялық кеңесіне қатысушы мемлекеттердің – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Республикасының делегациялары, ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі Хатшылығының, ТМД Электр энергетикалық Кеңесінің Атқарушы комитетінің, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
Отырыс барысында қатысушы елдер қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары мәселелерін талқылады.
«Сондай-ақ полимерлік қаптаманы пайдаланудан экологиялық қауіпсіз қаптаманы пайдалануға кезең-кезеңмен көшу, парниктік газдар шығарындыларын сату жүйесі, ТМД аумағында қоршаған ортаны қорғау саласында, сондай-ақ балық шаруашылығын (акваөсіру) дамыту саласында тұрақты даму мақсаттарын енгізу мәселелері бойынша тәжірибе алмасу өтті», делінген хабарламада.
Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын саудалау жүйесінің тәжірибесімен бөлісті. ҚР жаңа экологиялық кодексінің шеңберінде Париж келісімі міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесі жетілдірілді. Осылайша, 2021 жылдан бастап көміртегі бюджеті жыл сайын 1990 жылғы көміртегі бюджетінің деңгейінен 1,5%-ға қысқаратын болады.
Қазақстандық тарап қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму мақсаттарын енгізу тәжірибесімен алмасу нәтижелері және балық шаруашылығын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы айтып берді.
Кеңес барысында ТМД ААЭЖ-ға мүше мемлекеттер қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің 2022-2023 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітілді, шешімдер қабылданды және отырыс хаттамасына қол қойылды.