• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2014

Құқық қорғау жүйесі жаңа сапаға көтеріледі

393 рет
көрсетілді

Кеше Орталық телекоммуникациялар қызметінің мінберінен Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев журналистерге брифинг беріп, құқық қорғау органдарын реформалау барысы, сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды іске асыру жөнінде айтты.

Кеше Орталық телекоммуникациялар қызметінің мінберінен Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев журналистерге брифинг беріп, құқық қорғау органдарын реформалау барысы, сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды іске асыру жөнінде айтты.

Мемлекет басшысы осы жыл­ғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дауында ең басты мақсат әлем­дегі дамыған 30 мемлекеттің қата­рына ену екенін атап өтті. Осы орайдағы негізгі міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және оны іске асыру. Міне, осы міндетке байланысты құқық қор­ғау органдары қызметінің тиім­ділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді, деді А.Шпекбаев.

Бұл тапсырмалар Елбасының Жарлығымен 2013 жылдың 31 желтоқсанында бекітілген Қа­зақстанның құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асатын болады. Осы бағдарламаны біз құқық қорғау органдары жұмысының мазмұнын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін құжат деп санаймыз, деді ол.

Одан әрі А.Шпекбаев құқық тәртібі жүйесінің дамуы елдегі экономикалық және әлеуметтік саланың жетілдірілуіне қарағанда әжептәуір артта қалып келгенін айтып, бұл мәселеге Елбасы өзінің 2010 жылғы Жолдауында-ақ мән бергенін атап өтті. Осыдан кейін Президент «Қазақстан Республикасында құқық қорғау ісі және сот жүйесі тиімділігін арттыру шаралары туралы» Жарлыққа 2010 жылдың 17 тамызында қол қойып, елде кең ауқымдағы реформа басталғанын жеткізді.

А.Шпекбаев осы реформаның аясында атқарылған жұмыстарға біршама тоқталып өтті. Соның ішінде құқық бұзушылыққа қарсы заңдарды ізгілендіру нә­ти­жесінде елімізде түрмеге отыр­ғызылған адамдар саны 25 пайызға дейін азайғанын айтты. Тергеу шараларының жеңіл­детіліп, артық әуре-сарсаңға са­лушылықтардың азайтылуы арқылы сотқа жіберілген қыл­мыс­тық істер ІІМ тарапынан – 27, қаржы полициясы тарапынан 19 пайыз ғана болды. Осының арқасында құқық қорғау органдары күш-жігерлерін ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға көбірек жұмсауға қол жеткізді.

Арыз-шағымдарды электронды есептеу жүйесін енгізгеннен бері қылмысты жасырып қалушылық, жалған жақсы көрсеткішке жетушілік азайтылды. Сонымен қатар, 2013 жылы қылмысты жасырмақ болған, яғни есептеу-тіркеу тәртібін бұзған қызметкерлерге қатысты 108 қылмыстық іс қозғалды. Осындай шаралардың нәтижесінде жыл сайын жасырылып келген 200 мыңнан артық қылмыстың бары анықталды. Сондай-ақ, А.Шпекбаев кәсіпкерлерге әкімшілік қысым көрсетуді азайту мақсатымен прокуратура органдарында заңдардың дұрыс орындалуын қадағалайтын бөлімнің ашылғанын айтты.

Ауқымды деңгейде өткізілген аттестаттаудың арқасында құ­қық қорғау органдары қызмет­керлерінің және олардың басшыларының кәсіби сапасын арттыруға қол жеткізілді. Демилитаризациялау шарасының нәтижесінде 9 мыңға жуық қызметкер погонын шешті, мұның өзі азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырды. Енді біздің алдымыздағы міндет – құқық қорғау органдарын «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес жаңғырту. Бірінші кезекте біздің алдымызға құқық қорғау жүйесін 2020 жылға дейін жоғары халықаралық стандарттарға сай ету міндеті қойылды. Бұл – барлық жаңғыртулардың сипатын анықтайтын ең маңызды мақсат болып табылады.

Осылай деген А.Шпекбаев оны іске асырудың негізгі ба­ғыт­тарын атап өтті. Соның ішінде 4 жаңа кодекстің жоба­сы әзірленіп, Парламент қа­рауына жолданғанын айтты. Олар: Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-ат­қару және Әкімшілік құқық бұзу­шы­лықтар туралы кодекстер.

Қылмыстық сот ісін жүргізу жүйесінің тұжырымдамалық реформасы құқық қорғау органдары қызметінің мазмұны мен сипатын өзгертуді талап етеді. Осыған байланысты, Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Бұған қоса, Кадрлық саясат тұжырымдамасы мақұлданды, оны біз аталған бағдарламаны іске асырудың негізгі құралы ретінде қарастырамыз, дей келіп, шешен қазір реформа өзінің шешуші сатысына көшкенін жеткізді.

Сөзінің соңында А.Шпекбаев 2020 жылға қарай Қазақстанда жоғары халықаралық стандарт­тарға сай келетін құқық қорғау жүйесі қалыптасатынын нық түрде айтты. Ол үшін барлық қа­жетті жағдайлар жасалуда.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар