• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Қыркүйек, 2021

«Қорқыныш королі» – қазақ тілінде

959 рет
көрсетілді

Жазушы Стивен Кингтің «Сол» атты романы «Үздік шетел әдебиеті» сериясымен алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді. Бұл шығарма – автордың «Фолиант» баспасынан жарық көріп отырған екінші кітабы. Бұған дейін баспа Стивен Кингтің «Жасыл миль» кітабын қазақ тіліне аударған болатын.

«Қорқыныш королі» атанған Кинг шығармалары алғашқы сөй­лем­де­рі­мен-ақ оқырманды баурап алады. Пси­хологиялық триллер жанрында жа­за­тын қаламгердің шеберлігі адам нан­ғысыз сюжеттер жасай алуында деп білеміз. Стивен Кингтің фэнтези, мистика, триллер, детектив, қорқынышты оқиғалар сияқты түрлі жанрда жазған 300-ге жуық әңгімесі мен романы бар. «Сол» – Viking Press баспасы 1986 жылы алғаш рет басып шығарған, қорқыныш пен үрей жанрында жазылған америкалық жазу­шының танымал романы.

Шығармада сана қабілеті, біріккен топтың күші, балалық шақтағы оқи­ғалардың ересек өмірге әсері та­қырыптары қозғалады. Негізгі сю­жетте Мэн штатындағы ойдан шы­ға­рылған Дерри қалашығында жеті жас­өспірім адамдарды өлтіріп, кез келген түрге ене алатын жантүршігерлік құбыжықпен күреседі. Арада жылдар өтіп, жасөспірімдер есейеді. Бірақ өткеннің сұмдығы қайта оралып, әлдебір сұрапыл күш жеті дос­ты зұлымдықпен жаңа айқасқа киліктіреді. Осылайша, туындыдағы оқиға екі түрлі уақыт аралығында баяндалады, бірі басты кейіпкерлердің балалық шағы болса, екіншісі олардың ересек өмірін баяндайды.

Кинг бұл романды 1981 жылы бас­тап, төрт жылын арнаған. Ол кітап кейіпкерлерінің іс-әрекетіне өзі­нің балалық шағының естеліктерін не­гіз­деген. Сондай-ақ автор «Солды» өзі­нің «танымал құбыжықтар сериясы» бойынша емтиханым деп санады. «Сол» бұған дейінгі «Дракула», «Франкенштейн», «Тролленберг құ­бы­жығының» элементтерін жина­ған «ға­рыштан келген» қорқыныш іспет­ті. Кітап жарияланғаннан кейін бір жыл ішінде екі жарым миллион дана тиражбен тарап кетті.

«Сол» романы Locus Award және World Fantasy Award сыйлығына ұсы­нылған. Туынды Rolling Stone жур­налының таңдауы бойынша Кинг­тің үздік 10 туындысының тізіміне ен­гізілген, ал BBC-дің 200 үздік әдебиет тізімінде «Сол» 144-орында. Ал режиссёр Томми Ли Уоллес 1990 жылы роман сюжеті бойын­ша кішігірім сериал түсірді. 2017 жылы аргентина­лық режиссер Андрес Мускетти кі­тап­тың бірінші бөлімі бойынша көркем фильмін жариялады.

Романды қазақ тілінде сөйлеткен – Заманбек Әбдешев. Тәржіма жұ­мыстарына тоғыз ай уақыт кеткен. Айта кетсек, «Фолиант» баспасының бастамасы бойынша әлем әдебиетінің алтын қазынасына айналған Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн», «Батпырауық қуған бала», Мо Янның «Өмір мен өлім азабы», Орхан Памуктың «Ақ қамал», «Сезім музейі», «Менің атым Қырмызы», «Менің оғаш ойларым», «Үнсіз үй»  туындылары, Гузель Яхинаның «Зүлейханың оянуы» романы, Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабы қазақ тілінде жарық көрген болатын.