Отандық QazVac вакцинасының үшінші кезең бойынша клиникалық зерттеу жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, коронавирусқа қарсы QazVac қазақстандық вакцинаның авторы Күнсұлу Закарья мәлім етті.
«Бүгінде үшінші кезең бойынша барлық клиникалық зерттеу аяқталып, 9 шілде күні соңғы талдау нәтижесі алынды. Шілденің соңына дейін талдау нәтижесі тағы бір өңделіп, мәліметтердің статистикасы жасалды. Бұл жұмысқа 3 мың адам қатысып отыр. Сондай-ақ, шілденің соңында клиникалық зерттеудің қорытынды есебі әзірленді. Қазіргі күні қорытынды есеп Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр, оның нәтижесі әлі келген жоқ. Дегенмен біздің әзірлеген есепке қарап, алғаш отандық вакцинаны клиникалық зерттеу сәтті жүргізілді деп айтуға болады», деді Күнсұлу Закарья ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, отандық ғалым QazVac-тың үшінші кезеңіне қатысты қорытынды есеп оң баға берілген жағдайда отандық вакцина туралы ғылыми мақалалардың жарық көретінін айтты. «Егер QazVac-тың үшінші кезеңі бойынша барлық клиникалық зерттеу есебін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мақұлдаған жағдайда біз қазақстандық вакцина туралы көпке танымал журналдарға мақала жария етпекпіз. Мақсат - отандық ғылымның жетістігін дәріптеу. Әзірге қандай журнал және мақаланың қай уақытта жарияланатыны белгісіз», дейді ол.