Алматыда шетелдік көліктің жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолына түсіп, адам қағып кетті. Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Желіде жол-көлік оқиғасы орнынан түсірілген видео пайда болды.
«Оқиға бүгін 6-шы қыркүйекте Сейфуллин-Жібек жолы көшелерінің қиылысында орын алды. Субару жүргізушісі қызды қағып кетті», делінген хабарламада.
Қалалық полиция департаменті апат 6 қыркүйекте сағат 12:50 шамасында болғанын хабарлады.
«1988 жылы туған азамат «Субару» маркалы автокөлікті есірткіге масайған күйінде жүргізіп Сейфуллин даңғылының бойымен солтүстік бағытта Жібек Жолы көшесінің бұрышында 1991 жылы туған азаматшаны қағып кетті. Ол алған жарақаттарының салдарынан 4 ГКБ-ға жатқызылды. ЖКО фактісін Алмалы аудандық ПБ қызметкерлері тергеуде», деп нақтылады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.