• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Президент 07 Қыркүйек, 2021

Еңбек адамына ерекше көзқарас

276 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары Президенттің Жолдауда айтқан еңбек адамдары үшін өте маңызды бастамаларын, соның ішінде ең төменгі жалақыны көтеруді зор ықыласпен қабылдады.

Нарық жағдайында ең тө­менгі жалақы жалақының деңгейін мемлекеттік реттеудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Себебі ол жұ­мыскерді жұмыс берушінің еңбек құнын өз еркімен анық­тауынан қорғауға арнал­ған. Сөзсіз, жалақы қоғам мүше­лерінің көпшілігі үшін олардың әл-ауқатының негізі болды және солай болып қала береді әрі сол арқылы қоғамдық құрылымның әлеуметтік әділдігі туралы түсі­нік қалыптасады.

Кәсіподақтар федерация­сы әр түрлі алаңдарда қазақстан­дық жұмысшылардың жалақы­­сын дәйекті түрде жоғарылату, оның ішінде ең төменгі жалақы­ны көтеру мәселесін шешуге бастама көтерді. Мемлекет бас­шысының берген тапсырмалары іс жүзінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың жар­қын мысалы.

Ең төменгі жалақының 42 500 тең­геден 60 мың теңгеге өсуі әр түрлі меншік ныса­нын­дағы кәсіпорындарда барлық салада жұмыс істейтін миллионнан астам адамға әсер етеді.

Жұмыс істейтін қазақстан­дықтардың өмір сүру деңге­йін жақ­сарту үшін маңызды және өте қажет қадам жасалды. Ең төменгі жалақының көтерілуінен тұрғындардың барлығы пайда көреді. Бұл жалақының аз болса да номиналды өсуін білдіреді. Ең төменгі жалақының өсуі – азаматтардың экономикалық тәуелсіздік дең­гейінің жоғарылауы. Екін­шісі – мемлекеттік әлеумет­тік бағдарламаларға жұмса­ла­тын шығыстарды бұған де­йін еңбекақысы аз болып, осы кө­мекті алып келген адам­дар­­дың санын азайту арқылы тө­мендету. Үшіншіден, еңбек шы­ғынының өсуі, жұмыс беру­ші өзінің өнімділігін арттыруға ұмтылады, яғни оған жоғары жалақы алатын және білікті жұ­мысшылар қажет болады. Төртінші, жасырын жалақыны «көлеңкеден» шығару.

Жалақының деңгейі мен ди­намикасы – елде жүргізіліп жат­қан экономикалық рефор­ма­лардың әлеуметтік тиім­ділі­гін бағалаудың негізгі өл­шем­дерінің бірі. Мемлекет басшы­сының айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 1,5 пайызға өсуі­не сеп болады.

Жалақы – 6,5 млн қыз­меткердің негізгі табыс көзі. Прези­дент атап өткендей, жалақы қорының өсуі кәсіп­орын иелері кірісінен 60 па­йызға артта қалды. Кәсіп­одақтардың пікірінше, Мем­лекет басшысының жұмыс берушілерді жұмысшылардың жалақысын көтеруге ынталандыру туралы шешімі жұмыс берушінің өз қызметкерлерінің алдындағы әлеуметтік жауап­кершілігін арттыруға оң серпін береді.

Біз сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылға қарай, алдыңғы жылдары жалақыны көтеруден тыс қалған бюджет қызметкерлерінің (мә­де­ниет қызметкерлері, мұрағат­шылар, кітапханашылар, техни­калық қызметкерлер және т.б.) жалақысын жыл сайын ұлғай­ту туралы бастамасын тиісті жә­не әділ деп есептейміз. Себебі бұл шешім жалақысы төмен 600 мың азаматтық қызметшіге әсер етеді.

Әрине, бұл тек бірінші қадам. Адамдардың өмірін жақ­сарту үшін әлі де көп нәрсе істеу керек. Мысалы, ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе оның құны мен ең төменгі тұтыну себеті қалай қалыптасатынын қайта қарау қажет.

Соңғы жылдары жалақыны реттеу мәселесі қоғамда белсен­ді талқыланып, тез арада ше­шілуін талап етті. Осыған байланысты Кәсіподақтар федерация­сы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімін қолдай отырып, жалпы алған­да, жұмыспен қамту, жалақы мен еңбек қатынастарын реттеу саласында заманауи, икемді заңнамалық базаны құру қажет­тігін атап өтеді.

Айта кету керек, өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясы 2021-2023 жылдарға арналған Үкімет, республикалық кәсіп­одақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісімге Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенция­сын ратификациялау, жалақы­ны жыл сайын­ғы индекстеу­ді заңнамалық тұрғыдан бекіту­ге қатысты мәселелерді енгізе алды. Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестер Конвенцияны ратификациялау, жалақыны жыл сайынғы индекстеу, ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін қарау бойынша консультациялар өткізу үшін жұмыс жоспары мен жұмыс тобының құрамын бекітті.

Ел Президентінің еңбек адамын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ынталандырудың маңызды шараларына бастамашы болғаны қуантады. Бұл қоғамда жалақы мәселесі­не, оның мәні мен ресурстық қамтамасыз етілуіне біртұтас тұжырымдамалық көзқарас қалыптасады деген үміт тудырады.

Біздің бұл жердегі ұстаны­мымыз нақты. Егер адам жұмыс істесе, ол кедей болмауы керек. Кәсіподақтар федерация­сы әрқашан осы қағиданы ұс­танады және стратегиялық мақ­саты – ең төменгі жалақы­ны халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейге дейін кезең-кезеңмен жоғарылатуға ұмтылады.

 

Сатыбалды ДӘУЛЕТАЛИН,

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы