Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауын бір сөзбен түйіндеуге болады: ҚОРҒАУ! Ең бастысы, халықты қорғау. Озық мемлекет үшін халқын қорғаудан құнды ештеңе жоқ.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жолдауында тәуелсіздікті, мемлекеттілікті, ұлттық мүдделерді, ұлттық құндылықтарды, ұлт саулығын, болашақты, жас ұрпақты, дарындыларды, мәдениет пен өнерді, экономиканы, экологияны, еңбекті қорғау секілді сан салалы мәселелер қамтылды.
Қазіргі алмағайып шақта бұл кемеліне келген, әл-ауқаты мен қайрат-қуаты толысқан елдердің қолынан ғана келетін дүние.
Жолдауда ел өмірінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери және басқа да қырлары толыққанды қамтылды. Президент Жолдауы мемлекетімізде, қоғамда, әлемде, айналада болып жатқан өзгерістерді көріп-біліп, көкейге тоқып, көп ізденудің жемісі екені анық.
Президент тәуелсіздікті, ел мен жердің бүтіндігін, халықты, ұлт пен мемлекеттік мүддені қорғау жолында бар күш-жігерін салып, жан аямай еңбек ете беретінін және соны биліктегі әрбір тұлғадан талап ететінін нық айтты.
Ендеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы елді рухтандырады, қоғамға ой салады, әр саланың дамуына серпін береді, сөйтіп, Қазақстанның жаңа заман төрінен, жаңа әлем өрінен лайықты орын алуына сүбелі үлес қосады деген сенімдемін.
Бұл жолғы Жолдаудың тағы бір құндылығы сол, Қ.Тоқаев стратегиялық басымдықтар сыртында президенттік 5 нақты бастамасын жария етті. Бірнеше миллион қазақстандықты қамтитын бұл бастамалар азаматтардың көкейкесті проблемаларын шешуге бағытталған. Осының нәтижесінде Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы, тұрмыс деңгейі, әл-ауқаты өрлеуге бет алады деген үміттемін.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі