Үкімет мүшелері бүгінгі Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру туралы Жалпыұлттық жоспарын бірауыздан қолдап, қабылдады, деп жазады Egemen.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік және экономикалық саясаттың жаңа міндеттерін белгілеп берді. Жолдауды іске асыру үшін Жалпыұлттық жоспар әзірленді. Ол Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының бастамалары бойынша міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталған», деді Премьер-Министр.
Маминнің мәлімдеуінше, Үкімет жұмысының маңызды бағыты Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру болады. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы нақты табыстың өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
«Ұсынылып отырған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге толықтай сай. Барлық бірінші басшыларға Жоспардың іс-шараларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша дербес жауапкершілік жүктеледі. Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге өте қысқа мерзімде Жарлық жобасын Президент Әкімшілігіне енгізуді тапсырамын», деді Асқар Мамин.