Үкімет Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Үкімет Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Біріншіден, азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында экономиканың секторларында құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алу ұйымдастырылып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қайта өңдеушілер үшін шикізаттың болжамды әрі тұрақты бағасын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі», деді А. Мамин.
Оның айтуынша, өндірушілерге жеңілдікпен кредит пен субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі. Елдегі Өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингтеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.